Қызылордада үздік ауыл әкімі анықталды

1409

0

Аталған конкурс ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен мамыр айынан бастау алған болатын.

Байқауға облыстың 17 кент және ауылдық округ әкімдері қатысуға ниет білдіріп, құжаттарын тапсырды. Құжаттары талаптарға сәйкес келген 7 әкімнің жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу үшін облыс әкімдігінің ресми сайтында онлайн сауалнама жүргізілді.

Сауалнама қорытындысы бойынша тұрғындардың пікірімен Тасбөгет кентінің әкімі Пахуатдин Шамұратов, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев және Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағадат Нұрмағанбетов ең көп балл жинап, өңірлік конкурстық комиссияның отырысында қаралды.

Өңірлік конкурстық комиссия отырысында үміткер әкімдердің атқарған жұмыстары, коронавирус инфекциясының таралуы жағдайында карантин шараларының сақталуы, тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарының жүргізілуі, халықпен кері байланыстың орнатылуы, жазған эсселері, жеке жобалық жұмыстары, мемлекеттік қызметшінің этикасын сақтауы, тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі жан-жақты талқыланды.

Комиссия отырысының қорытындысымен Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағадат Нұрмағанбетұлы Нұрмағанбетов «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпазы болып танылды.

Ендігі кезекте, Сағадат Нұрмағанбетов Сыр елінің атынан конкурстың республикалық деңгейіне қатысып, бағын сынайтын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<