Тыңғылықты дайындық көп түйткілді шешеді

605

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысына облыстық жұмылдыру дайындығы басқар­масының басшысы Медет Усаин мен «Қазсушар» кәсіпорны Қы­­зылорда филиалының дирек­торы Хамит Бейімбетов, Арал ауданының әкімі Мұхтар Ораз­баев, Қазалы ауданының әкімі Мұ­рат Ергешбаев және Қармақ­шы ауданының әкімі Мұса Қал­дарбеков атқарылып жатқан жұ­мыстар жайында есеп берді.

Былтыр қараша айының соңында Сырдария өзені арнасында ұстасқан мұз Арал, Қазалы аудандарынан басталып, Қармақшы-Жалағаш аудан­да­рының шекарасына дейін жеткен болатын. Ал Қызылорда қа­ласы мен өзге аудандарда өзен­нің кей жерлерінде ғана мұз қат­ты.

– Биыл облыс аумағында су тасқыны кезеңі шығынсыз өтті. Дегенмен, «От пен су тілсіз жау» демекші, алдағы уақытта  су тасқынына жол бермеуіміз қажет», – деді облыс әкімі.

Өткен жылы «Қазсушар» мекемесіне тиесілі Сырдария ауданында орналасқан «Әйтек» су торабының  төменгі ағысында су шаюдың салдарынан бетон қабырғалары опырылып, ұзындығы шамамен 17 метрдей аумақ зақымдалған болатын. Жиын барысында облыс әкімі «Қазсушар» мекемесінің басшысына су торабының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтап, қыс мезгілінде қажетті материалдық-техникалық қор­ларды қалыптастыру жөнінде тапсырма берді.

– Нысанды қалпына келтіру бойынша қажетті қаржысы бө­лінген. Алдағы мұз жүру кезеңіне дейін су торабынан төмен орналасқан Сырдария, Жалағаш аудандарының елді мекендерін, ондағы егін алқаптарын су басудан қорғау үшін қалпына келтіру жұмыстары уақытылы аяқталуы тиіс, – деді өңір басшысы.

2020-2021 жылдарда ықтимал су тасқынына дайындық шараларын ұйымдастыру мақсатында жұмыс тобы құрылып, Сырдария өзені бойындағы көктемгі мұз жүру кезінде зақымдалған қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының жағдайы зерттелді. Нәтижесінде облыс бойынша қалпына кел­тіруді қажет ететін барлығы 11 нысан анықталды. Қызылорда қаласы бойынша – 1, Арал ауданында – 2, Қазалыда – 1, Қар­мақшыда  – 4, Жалағашта – 1, Сырдарияда – 1, Шиеліде 1 нысан жөндеуді қажет етеді. 

– Ертеңгі күні қапы қалмас үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, тасқын су кезеңіне дайындықты күшейтуіміз керек. Осы ретте, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне ағымдағы жылғы 1-ші қазанға дейін қажетті резервтегі қаржы көлемдері, жанар-жағармай, қап қорлары, су басу аймақтарындағы қауіпті учаскелерге бекітілген меке­ме­лер, олардағы техника мен адам саны, эвакуациялық жи­нақтау және қабылдау пункт­тері, мате­риалдық-техника­лық қор­ла­рын толықтай қалып­тас­тырып, аяқ­тау­ды тапсырамын, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Сырдария өзені­нің бойындағы әрбір қауіпті учаскелерге бекітілген арнайы техникалары бар жауапты мекемелердің дария бойы кезекшілігін ұйымдастыру жә­не су басу қаупі бар аумақ­тар­дағы тұрғындарға дер ке­зінде хабарлама беру, мал-мү­ліктерін қауіпсіз жерлерге кө­шіру дайындықтары бойын­ша жұмысты пысықтау жүк­телді.  

Осы ретте өңір басшысы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне төтенше жағ­дай­лардың алдын алу мен оны жоюға тартылатын күштер мен құралдардың, апаттық-құт­қару қызметтерінің су тасқыны­ның алдын алу кезеңіне да­йын болуды, «Қазгидромет» респуб­ликалық мемлекеттік ме­кемесінің Қызылорда филиал­ына 15 қа­заннан бастап ауа райы болжамы және облыс ше­карасындағы су бекетінен өтіп жатқан су көлемі жөнінде нақты мәлімет беріп отыруды да тапсырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<