Жазғы Олимпиада қатысушыларына жарты миллион теңгеден берілді

754

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын қызылордалық спортшылармен онлайн форматта кездесті.


Олимпиадаға Сыр елінің атынан Қызылорда облысынан 3 спортшы: бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Әлем, 3 дүркін Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбай жолдама алды.


Аймақ басшысы Олимпиада ойындары – ең мықты спортшылар ғана бағындыра алатын биік шың әрі үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, спортшыларға сәттілік тілеп, ақ тілегін арнады.

– Жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиадаға қатысатын спортшыларды қабылдап, оларға сәттілік тіледі. Спортшылармен кездесуінде Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының Туын ұстау құрметіне Қамшыбек Қоңқабаевты лайық деп ұсынған болатын.
Қамшыбек, Токио – бұл сенің Олимпиадада алғашқы бақ сынауың. Өз күшіңе деген сенім, табандылық пен ерік-жігеріңнің арқасында жолдаманы алу үшін қаншама еңбек еттің, тер төгілді. Олимпиада медалі спорт мансабыңдағы ең үздік нәтижелердің бірі болсын!», – деді аймақ басшысы.


Онлайн форматтағы жүздесуде облыс әкімі Олимпиада ойындарына екінші рет бақ сынамақ ниеттегі Дәулет Ниязбеков пен сайысқа тұңғыш рет түскелі тұрған Мөлдір Жаңбырбайға ақ жол тіледі. Сыр елі жұртшылығының атынан еліміздің абыройын қорғайтын 3 спортшыға көрсетілетін сый-сияпат ретінде 500 мың теңгенің сертификатын ұсынды.
Өз кезегінде, спортшылар аймақ басшысына алғыс білдіріп, жерлестерінің үмітін ақтайтынын айтты.


«Бізді қолдап, жанашырлық танытқаныңыз үшін үлкен рахмет. Өз тарапымыздан, сенімдеріңізді ақтап, барымызды салатынымызды жеткізгім келеді», – деді Қамшыбек Қоңқабаев.


Естеріңізге сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындары биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<