11 жылдық білімнің сыналар шағы

1113

0

Мектепке алғаш аяқ басқан күнім әлі есімде. Сыныптастарыммен, яғни қазір екінші отбасыма айналған жандармен таныстым. Балалық шағымыздың ең қызықты күндерін бірге мектепте өткіздік. Өте ыстық, әрі керемет кездер еді. Сол бір керемет сәттерді, осыншалықты тез өтіп кетеді деп ойламаппыз.

Иә, алтыншы, жетінші сыныпта оқып жүргенімізде, он бірінші сынып оқушыларына қатты қызығатынбыз.» Біз қашан осылардай үлкейіп, мектеп бітірер екенбіз», – деп армандаушы едік. Қарап отырсақ, уақыт зулап өтіп, сол арманға жетіппіз. Талай жылды артқа тастап, он бірінші сынып оқушысы болыппыз ғой. Аз уақытта алтын ұямызбен қоштасамыз. Жаңа да жауапкершілігі мол өмірге аяқ басамыз.

Ал мектеп бітірмес бұрын, алдымызда он бір жылдық білімімізді сынайтын үлкен сынақ – ҰБТ бар. Бұл қай қайсысымызға да үлкен жауапкершілік. Қанша жерден ең үздік оқысаң да, осы сынаққа келгенде көңіліңде бір қорқыныш болары сөзсіз. Ал, енді осы мектеп бітіруші түлектер үшін, өте маңызды ҰБТ жайлы айтсақ.

ҰБТ. Мұны барлығы үлкен сынақ ретінде ғана көреді. Сол үшін көңілдерінде үрей болады. Үрейден бұрын оның жақсы жақтарынан қарау керек. Мысалы, жаңа өмірге алғашқы қадам, алған біліміңнің жемісін көретін сәт, жақсы ұпай жинау арқылы қалаған мамандықтың иесі болу. Слнда ғана үлкен мүмкіндікке қол жеткізуге болады. Әрине, мұны осылай айта салу оңай. Себебі бұған әркім әртүрлі қарайды. Жалпы кез келген нәрсеге жақсы тұрғыдан қарай білу керек. Жақсы сөз-жарым ырыс.

Барлығымыз білетіндей,ақылы бөлімге түскісі келетін талапкер өзінің алғашқы тестілеуінен қаңтар айында өтеді. Бұл кезде барлығы өз білімін бір сынап көргісі келеді. Сондықтан менде тапсырып көрдім. Мен тестілеу болатын күні қатты қобалжыдым. Алайда, ғимратқа кіріп, өзім секілді жандарды көргенде, қорыққаным басылды. Ал кітапты ашып,өзім білетін сұрақтарды көргенде, менен бақытты жан болмады-ау. Адамның аузынан қандай сөз шықса сол болады екен. Менің өзімнің ойлаған ұпайым, өзім қалаған балды алдым. Оған қуаныштымын. Әрине сынақтың оңайы болмасы анық. Бірақ ұмытпағаныңыз жөн.

Бұл сіздің соңғы сынағыңыз емес және сізде әлі де мүмкіндіктер көп. Тек оқудан,ізденуден жалықпаңыз! Сөз соңында айтқым келгені., ҰБТ-ге кіретін кезде үш досыңыз жаныңызда болу керек. Ол – алған біліміңіз,өзіңізге деген сенімділігіңіз және шыдамдылығыңыз. Ең алдымен қорқыныштан арылу керек. Ол бір сәттік. Ойыңызды шырмап, білгеніңізді ұмыттырады. Сондықтан да қорқынышқа бой алдырмаңыз!

Ұлы Абай атамыз айтқандай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,еңбегің мен ақылың екі жақтап». Өзіңізге сеніңіз!

Әнел Мәди,

Серғали Толыбеков атындағы 3 мектеп-лицейдің 11″б» сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<