8 мыңға жуық түлектің үміті сыналатын сәт

998

0

ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес мектептер мен колледждердегі оқу жылы – бұрынғыдай, осы жылдың 25 мамырында аяқталады, каникул мерзімі 1 қыркүйекке дейін бекітілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай  мәлімделді.

Сонымен 9-сынып білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 28 мамыр – 6 маусым аралығында өтсе, 11-сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – 27 мамыр – 10 маусым аралығы болып белгіленді. Нақтырақ айтсақ, 28 мамырда қазақ және орыс тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін жазбаша жұмыс жүргізілсе, математика пәні бойынша жазбаша емтихан 31 мамыр күні өткізіледі. Орыс тілінде оқытатын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан 3 маусым күні өтсе, таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан 6 маусым күні өткізіледі деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, 9-сыныптың емтихан материалдары басқарма тарапынан әзірленген.

Ал, 11-сынып емтихан материалдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінен 21 мамырға дейін басқармаларға жолданып, әрі қарай білім беру мекемелеріне жеткізіледі. Бітіруші түлектер үшін алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан 27 мамыр күні жүргізілсе, қазақ және орыс тілі бойынша жазбаша емтихан 30 мамыр күні өтеді. Ал, 2 маусым күні Қазақстан тарихынан ауызша емтихан өтсе, орыс тілінде оқытатын мектептер мен сыныптарда қазақ тілі және әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептер мен сыныптарда орыс тілі және әдебиетінен жазбаша емтихан 7 маусымда өткізіледі. Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан 10 маусымға жоспарланды. Биылғы жылғы өзгеріс: 11-сыныптарға Қазақстан тарихы пәнінен емтихан ауызша болады. Барлығы 30 билет беріледі, әр билетте 3 сұрақтан, оқушылар ауызша жауап береді. Жоғары балл – 30. «Соңғы қоңырау» мерекесі 25 мамыр, «Аттестат тапсыру» рәсімі 16-17 маусым күндеріне белгіленген.

2021-2022 оқу жылында 8 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. 14 мамырға дейін Ұлттық бірыңғай тестке өтініш жасау электронды форматта қабылданады. Биылғы оқу жылында 7508 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Басқарма басшысы атап өткендей, бүгінде ҰБТ және барлық деңгейдегі олимпиадалар электронды форматқа көшірілген. Мұның ең басты артықшылығы – барлық процестің ашықтығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасалған.

– ҰБТ-ға    өтініш     қабылдау   28 сәуір мен 14 мамыр аралығында app.testcenter.kz сайтында жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл ҰБТ тапсырушы түлектерге тест тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі, яғни, тек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады. Пәндердің санында өзгеріс жоқ. Ең жоғарғы ұпай саны – 140 балл. Ал, ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілді. Сонымен бірге, олар үшін тест нұсқалары суреттерсіз, диаграммаларсыз және сызбаларсыз әзірленген.

ҰБТ кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және басқа да қажетті құралдар қолжетімді болады. Егер үміткерлер емтихан нәтижесімен келіспеген жағдайда тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады, – деді А.Қасымова.

Биыл облыс бойынша 292 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Оның 99-ы Қызылорда қаласы мен облыстық мектептерден болса, қалған 193-і аудандардағы үміткер түлектер. «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында алгебра және анализ бастамалары пәнінен тапсыратын мемлекеттік емтиханы келесі, яғни, 2022-2023 оқу жылына ауыстырылды. Бұл орайда биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектебінде тапсырады. ҰБТ қорытындысы бойынша «Алтын белгіні» берудің объективтілігі бағаланады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<