Әдептілік

1467

0

Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оқымыстыға келіп сәлем береді. Оқымысты басын одан да төменірек иіп, қайтара сәлемдеседі. Сонда қасындағы бай тұрып:

– Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, бейшара кедей біреуге соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің жөні қалай? – деп сұрайды. Сонда ғалым тұрып:

̶  Ешбір ғылым-білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен оған әдепсіз болып көрінсем лайық па? – деген екен.

Ыбырай АЛТЫНСАРИН

Әліппенің жауабы

Жақында еліміздің барлық мектебінің бірінші сыныптарында Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» оқулығы енгізілгені мәлім. Бұл жаңалыққа әсіресе ата-аналар қатты қуанды. Осы ретте «Әліппенің әдемі жауабы» атты шағын мысал әңгімені ұсынамыз.

– Әліппе, саған жұрттың ықыласы ерекше. Ата-анасы бірінші класқа барған баласымен қосылып оқиды. Тауысқасын қошеметпен қоштасады, – деді басқа оқулықтар.

– Сабыр сақтаңыздар, –  деді Әліппе жиналғандарға.

– Сендердің де өз орындарың бар, қажетсіңдер. Бірақ, өздеріңді-өздерің бағаламай отырсыңдар. Дегенмен, сөздеріңнің де жаны бар. Құрмет тұтатыны рас. Тыңда түренді кім бұрын тартса, сол ел есінде ұмытылмай ұзақ сақталады.

Жасы кіші болса да Әліппенің аталы сөзі көпшілікті қанағаттандырды.

Жеткерген ӘБДІРЕЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<