Арманы асқақ Арайлым

849

0

Қатарластарының арасында білімімен, өнерімен дараланып, көзге түсіп жүрген Арайлым Оспанбай Шиелі ауданында тұрады. Ата-әжесінің сүйікті немересі. Бала кезінен білімге деген құштарлығы байқалды. Сол себепті мектеп табалдырығын ерте аттады. 2015 жылы аудандағы Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектеп-лицейге оқуға қабылданып, жастайынан зеректігімен танылған ол бастауыш сыныптарды үздік бітірді.

Арайлым мектепте ұйымдастырылатын түрлі бәйге-додаларға, мәдени іс-шараларға қатысып, бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Бастауышта жүрген кездің өзінде қазақ тілінен мектепішілік олимпиадада 1-орынды жеңіп алды.

Арайлым  оқуда озат болуымен қатар, өнерге де бейім болып шықты. Ол жастайынан биді ұнатты. Осы қызығушылықтың арқасында бала күнінен би үйірмесіне қатысып келеді, 2015 жылдан бері «Жұлдыз» би тобының мүшесі.

Осы өнерге құштарлығы мен белсене қатысуының арқасында жетістіктерге жетуде. Ол Қызылордада өткен «Бозторғай» би байқауында жүлделі 1-орынды иеленді. Одан кейін 2019 жылы Алматы қаласында өткен «Бала шабыты» атты республикалық байқауда бақ сынап, жүлделі 2-орыннан көрінді. Қазіргі кезде Арайлым Абайдың қара сөздерін, Мұқағалидің өлеңдерін жатқа айтудан, Нартайдың жырларын мәнерлеп оқудан аудандық сайыстарда топ жарып, жетекшісі, қазақ тілінің мұғалімі Майгүл Керімбекованың еңбегін ақтап жүр.

Отбасында Арайлымның өзінен үлкен Бақдәулет есімді ағасы Аяулым, Құралай, Ақниет есімді сүйкімді сіңлілері бар. Ағасынан алған тәлімді ісін бойына сіңіріп, үлгі тұтады. Оны артынан ерген сіңлілеріне үйретумен келеді.

Əр баланың жүрек түкпірінде арманы бар. Арайлым дәрігер болып, ақ халатты абзал жандардың қатарынан орын алып, халықтың денсаулығын сақтауға үлес қосуды армандайды. Дәрігер болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін үздік оқумен қатар, көптеген жақсы қасиеттерге ие болу шарт. Медицинаның атасы Гиппократтың «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болуы керек» деген ертеректе айтқан сөздері ешқашан да маңызын жоймақ емес. Арайлымның бойында осы жақсы қасиеттердің барлығы да бар.

Арман адамға қанат бітіреді. Мамандық таңдау – өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау. Бойында ізгілік қасиеттері молынан табылатын оның өзі таңдаған мәртебелі мамандық иесі болуға мүмкіндігі толығымен жетеді деп ойлаймыз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<