Ғасыр биігіндегі мектеп

443

0

Арал ауданы Бөген елді мекеніндегі З.Шүкіров атындағы №20 орта мектеп ғасырлық белестен өтті. Білім ордасының 100 жылдығы Қазалы, Арал ауданының өнерпаздары ұсынған  мерекелік гала-концерттен бастау алды.

Мерейтой аясында мектеп түлектерінің бастамасымен салынған жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Алаңның ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев туған жерге тағзым жасап, өркендеуіне үлес қосқан мектеп түлектеріне ризашылығын білдірді. Елді мекен жастары арасында кіші футболдан өткен жарыс той сәнін аша  түскен.

Салтанатты шарада мектеп ұжымына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың құттықтау хаты  ұстаздарға Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты тапсырылды. Түлектер  мектебіне «Газель» автокөлігі мен теледидар сыйға тартты. Қонақтар мектептегі көрмені аралап, тарихи-өлкетану музейімен танысты.

«Бөген мектебі ғасыр биігінде» тақырыбында өткізілген тарихи-танымдық конференцияда эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров, дәрігер Амангелді Суханберлиев, филолог-ғалым Манасбай Қожанов мектеп тарихы жайлы баяндама жасап, пайымды пікірлерін білдірді. Қаламгер Жұматәлі Әбдіраман құрастырған «Бөген мектебі ғасыр биігінде» деп аталатын тарихи-дерекнамалық кітаптың тұсаукесері болды. 

Киелі білім шаңырағының ғасырлық мерейтойы ақындар айтысымен қорытындыланды. Есімдері көпшілікке жақсы танымал ақындар бақ сынаған жыр додасында Бексұлтан Орынбасаров бас жүлде және Айдос Рахметов I, Қайрат Құлекешов II, Биқожа Нұржігіт ІІІ орынды жеңіп алды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<