Бала тәрбиесі бәрінен маңызды

692

0

Халқымызда «Отан отба­сынан басталады» деген қара­пайым қағида қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермейді де. Отбасы құндылықтарын ны­ғайту бағытында көптеген жұмыстар жасалды. Бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясат нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, ген­дерлік теңдікті сақтау стра­тегиясы қабылданды.

Өкінішке қарай, қазіргі  қо­ғамда отбасы құнды­лық­тары­ның құлдырауға ұшырап бара жатқаны жасырын емес. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың ара­сындағы ажырасудың ке­йінгі жылдары аса қауіпті дең­гейге жеткенін айтсақ та жет­кілікті. Статистикалық көр­сеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады. Мысалы, 2016 жылғы ресми мәліметтерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 процент болса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 процентке жеткен. Ажырасулардың ­40%-і алғашқы бес жылда орын ала­тыны да ойландырады. Соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны кө­бей­­ген. Оның кесірінен рес­публика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жат­қан балалар саны жылына 40000-нан асып отыр. Бұл – жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көр­сеткіші. Санның ар­тында қан­шама адамның тағ­дыры бар.

Осындай әр тағдырға алаң­даған Сыр аналары «Аймақта отбасылық-демографиялық сая­сатты дамыту» әлеуметтік жобасы аясында бас қосты. Облыстық әйелдер, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева отбасындағы тәрбиеде қандай мәселелерге баса назар аудару қажеттігін, оны шешудің жолдарын бір­ге қарастыруға шақырды. Со­ны­мен бірге, облыстық ішкі саясат басқармасының бас ма­маны Сымбат Бимағанбетова ша­раның маңыздылығына тоқ­талды.

«Bilim Foundation» қоғамдық қорының аймақтық өкілдігінің басшысы Сымбат Абдрахманова аналарға жасөспірім балаларды тәрбиелеуге қатысты семинар-тренинг жүргізді. Қатысушылар өзара пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<