Білім жүйесі: былтырғы жаңалық – жаңа формат

869

0

Былтыр білім беру жүйесі бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше қалыпқа түсті. Тосын шешімдер қабылданған, тәуекелге толы кезең болса да, бастысы ата-ана, мұғалім, бала атты «үштік одақ» үшін тиімді шешімдер қабылданды. Дәстүрлі жүйеден бөлек денсаулыққа қауіпсіз онлайн оқыту форматы таңдалды. Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың арнайы алгоритмі әзірленді.


Бүгінде экономикалық жү­йені жақсартуды көздеген әлем­нің қай елінде де адами капи­тал алғашқы орында. Се­бебі эко­но­микаға күш салған мемлекет алдымен ғылым, білім сынды адами капитал компо­ненттеріне баса мән беруі керек. Елімізде де был­­тыр білім саласында қиын­дықтар туындағанына қа­ра­­мастан, оңтайлы шешімдер қа­растырылды.


Қашықтан оқыту жүйе­сін­де балаларға керек бас­ты дүниенің бірі – ком­пью­терлік техника. Сол се­­бепті құрылғысы мүлде жоқ оқу­шыларға мектеп ба­лан­сын­дағы 14 мың компьютер бе­рілді. Мұнан бөлек, рес­­пуб­ликалық қаржы есе­бі­нен 22870 электронды құ­рыл­ғы алынып, көпбалалы және арнайы са­наттағы от­басы­лардың балала­рына та­бысталды. Айта кету ке­­рек, пандемия аяқталып, қа­лып­ты тіршілікке оралғанда элек­тронды техникалар мек­теп­тің балансына өтеді. Мұ­нан бөлек, жергілікті бюджет есе­бінен 2492 планшет, де­меушілер есебінен 1518 оқушыға ноутбук пен план­шет таратылды. Бұл орайда ұстаздарға да қолдау көр­сетіліп, электрондық техни­касы жоқ педагогтарға қай­­та­рым­сыз негізде 306 ноут­бук сыйланған.


Өткен жылы педагогтарға арналған жаңа заңның қа­был­дануы мәртебесі төмен, құ­қығы шектеулі саналып кел­ген мамандық иелерінің бірқатар басымдыққа ие бо­­луына жол ашты. Мұға­лімдердің кәсіби құқығының қорғалуы заң аясында бе­кітіліп, айлық жалақысы ар­туда. Сондай-ақ, былтыр педагог мамандығын таңда­ған жастардың қатары бұ­рынғыдан әлдеқай­да жо­ға­ры болды. Өткен жылы 6060 мектеп түлегінің 83,5 проценті ұлттық бірың­ғай тестілеуге қа­тысып, нәти­жесінде 3948 та­лапкердің 77 проценті жоғары оқу ор­нының грантына қол жеткізді. Мектеп бітіруші­лердің 98 проценті университет пен колледжде оқуларын жал­ғас­ты­руда.
Сапалы білім, креативті идея, биік мақсатты бірік­тір­ген мұғалімдерге деген қолдау да бөлек болды бұл жылы. Үздік ұстаздарға «Білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» деген арнайы төсбелгі та­ғайындалды. Сон­дай-ақ, педагогикадағы ерек­ше еңбегі мен жоғары дә­режедегі жетістіктері үшін 10 ұстаз 300 айлық есептік көрсеткіштегі, яғни 833 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды. Ал, рес­публикалық «Үздік ұстаз» байқауында Сыр елінің пе­дагогы, балабақша тәр­бие­шісі Зина Бердібекова 2 мил­лион 778 мың теңге қар­жылай сыйақының иеге­рі атан­ды. Мұғалімдер мере­кесі қарсаңында сала маман­дарына ноутбук, жолдамалар та­бысталып, республикаға та­­нымал, білікті, абыройлы 10 ұстаздың бейнесі қала, аудан орталықтарының бас­ты көше­леріне билбордқа ілінді.


Кейінгі кезде ауылдарда да еңселі білім ордаларының көбейгені қуантатын. Бүгінде ауыл мектептерінің де осал еместігі, қаламен деңгейлес екені байқалды. Өткен жылы үздік білім беру ұйымы кон­курсын ауыл мектебі же­ңіп, 17 миллион теңгенің сер­тифи­катын иеленді. Келесі жыл бұл қаржы екі есеге өсіп, яғни 34 миллион теңге табысталмақ.


Оқу орындарының жаңа кейіпке еніп, көркі кіріп қал­ғанын да аңғару қиын емес. Бірнеше жылдан бері жөн­деуді қажет еткен 55 білім беру нысаны қайта жаң­ғыртылды. Қызылорда қа­ла­сынан және Жалағаш ау­да­нынан 3 мектеп ел игі­­лігіне берілсе, бүгін­де тағы 3 мек­тептің құрылысы жүргізілуде. Жеке мек­тептер білім сала­сындағы бәсекелестікті кү­шейтіп, орын тапшылықты төмендетуге жол ашатыны белгілі. Жақында ғана об­лыстағы сегізінші жеке «Зер­де» мектебі ашылды. Аймақта үш мектеп апатты жағдайда деп танылған болатын. Өт­кен жаңа оқу жылында Жа­лағаш ауданындағы 140 орындық мектеп пайда­ла­нылуға берілсе, Жаңа­қор­ған ауданында мек­теп құрылысы жүргі­зілуде. Сон­­дай-ақ, Арал қала­сын­дағы №71 мектептің құры­лысы биыл бас­талмақ.


Мектепке дейінгі тәр­бие бағыты бойынша да нәти­же жоғары деңгейде. Өңір­де 3 пен 6 жастағы балалар балабақшамен 100 про­цент қамтылған. Сондай-ақ, же­кеменшік балабақ­ша­лар­дың үлесі артып, бұл көрсеткіш 72,1 процентті құрап отыр.
Сала бойынша сандарды сөй­летсек, пандемияға қа­ра­мастан оқу жүйесінің бар­шаға қолайлы болуы ба­рынша қарастырылғаны бай­қа­лады. Сондай-ақ, кәсі­біне адал, жұмысқа зор жауап­керші­лікпен қарайтын педа­гогтарға айрықша көңіл бөлінгені қуан­тады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<