Даму деңгейі уақыт талабына сай

719

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова халық алдында есеп берді. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Б.Шәменова, Қызылорда қаласының әкімі Ғ.Қазантаев және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, университет ардагерлері қатысты.

Баяндамада 2020-2021 оқу жылы бойынша білім ордасында ғылымды дамыту бағытында материалдық-техникалық базаны нығайтып, инновациялық жобаларды жүзеге асыру мен халықаралық ынтымақтастық орнату аясында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жайында айтылды.

Биыл университетте білім алушылар саны 5300-ден 8053-ке өскен. Бұл өткен жылдарға қарағанда 52 процентті құрайды. 2020-2021 оқу жылында 497 профессор-оқытушы білім берді. Оның ішінде 23 ғылым докторы, 37 PhD докторы, 184 ғылым кандидаты, 223 магистр бар.

Университеттің ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20 процентке өскен. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде орындалатын жобалар саны да 20%-ке артқан. Бұл көрсеткіш бойынша университет отандық жоғары оқу орындары арасында 17-орында тұр. Сондай-ақ, 2020-2021 оқу жылында Халықаралық грант негізінде орындалған 1 жоба аяқталып, тағы 1 жоба бойынша жұмыс басталды.

Инженерлік бейіндегі зертхана қызметкерлері зерттеуші-профессор Нұрбол Аппазовтың ғылыми жетекшілігімен Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп, Horizon-2020 бағдарламасы аясында түйе тікенегінен Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасауға арналған Еуропалық Одақ грантын жеңіп алды. Ендігі ғылыми жұмыстар шетелдік ғалымдармен бірлесіп, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулермен жалғаспақ.

Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып,  қызығушылығын арттыру мақсатында  спорттың 11 түрінен 21 спорт секциясы жұмыс істейді. Оған 1-2 курстың 3033 студенті қатысады. Бұл ретте білім алушы түлектер арасында байрақты бәсекелерде топ жарып, биік белестерді бағындырған спортшылар саны артып отыр. Айталық, қазіргі таңда 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 ҚР спорт шебері, 52 ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 33 Ұлттық құрама командасының мүшесі білім алады. Сондай-ақ, баскетбол, волейбол және футболдан ерлер құрама командасы республикалық студенттік лигаларға қатысады. Бұдан бөлек, университетте 9 әлем чемпионатының, 27 Азия чемпионатының және 120 Қазақстан чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері бар.

Бүгінгі заман талабына сай оқу орнының негізгі мақсаты – сапалы маман даярлаумен қатар, университет қабырғасында жас кәсіпкерлер тәрбиелеу. Есепті кезеңде орталық 600-ден астам студенттің қатысуымен 15 семинар мен тренинг өткізді. Жыл сайын дәстүрлі түрде жас кәсіпкерлердің стартап жобаларының облыстық байқауына қатысып келеді. Биыл «Kbh.startup-2021» байқауына 481 өтінім беріліп, 86 жоба жартылай финалға жолдама алған. Өткен жылы студенттік және басқа да бизнес жобаларына тартылған инвестиция көлемі 22 500 000 теңгені құраған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің халықаралық байланыстар аясы да кеңейе түскен. Бүгінде алыс-жақын шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен, білім беру және мәдени орталықтарымен 170-ке жуық келісім жасалған.

Университетте биыл 449 студенттің оқу ақысына жеңілдік беріліп отыр. Оның ішінде аз қамтылған отбасынан шыққан, үздік спортшылар мен өнерлі жастар, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері, тағы басқа  талаптарға сай жеңілдік қарастырылған. Көңілге қонымды жетістіктің бірі – 2020-2021 оқу жылында оқытушылардың еңбекақысы кезең-кезеңімен өскен.

Жиын қорытындысында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Б.Шәменова университеттің өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өзіндік ерекше орны бар екенін айта келіп, қазіргі уақыт талабына сай оқу орнында атқарылып жатқан сан салалы жұмыстарға оң баға берді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты А.Әбибуллаева, университет түлегі, төрт дүркін әлем чемпионы И.Ильин, қалалық мәслихат депутаты Е.Мусаев сауалдарын қойып, заман талабына сай мамандар даярлауда оқу орнының алдағы жоспарлары да табысты жүзеге асуына тілектестігін білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<