Дарақ бір жерде көгереді

1364

0

«Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек. Ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әрбір адам осы қасиеттерге ие болу керек», – дейді 40 жыл бір мектепте жұмыс істеген Сағатбек Қарапаев. Ол Қызылжарма ауылындағы  С.Әлжіков атындағы №144 қазақ орта мектебінде  1981 жылдан бері қызмет етіп келеді әрі осы мектептің түлегі.

Бүгінде алпысты алқымдаған ел ағасы  бұрынғы ұстанымынан айныған емес. Әлі де сол жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығын шексіз сүйетін және кәсіби шеберлігі мен біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отыратын музыка пәнінің мұғалімі. Бәзбіреулер үшін музыка пәні тек ән салып, күй шертумен шектелетіндей көрінетін шығар, бәлкім? Алайда Сағатбек Жұмабекұлы әуезді ән арқылы оқушыларды ұлтын сүюге, белсенді болуға, тәуелсіздікті қадірлеуге әркез үндеп, барын салады.

Ол 1990 жылы «Жас мұғалім – 90» сайысының жеңімпазы атанып, Германияға жолдама алды. Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің «2017  жылдың үздік педагогі» иегері атанды. Еңбек жолында осы білім ордасының басшысы қызметін атқарған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туралы ұстаздың айтары аз емес.

– Қызылжарма ауылында оқушылар бір қабатты ескі ғимаратта бөлек-бөлек оқитын. Мәселен, мектепалды даярлық тобы бір бөлек, 1-4 сынып аралығындағы  балалар бастауыш мектептің, 5 сыныптан жоғарылар үлкендеу ғимаратта оқиды. Ауылға кіреберіс тұста орналасқан бұрынғы совхоз техникумның ғимаратын мектепке берді. Содан барлық оқушы бір ғимаратқа көшірілді. Қабырғасы да, едені де бетон. Қыста суық еді. Көмірдің жетіспейтін кезі. Түнде мектептің қарауылдары сол көмірден жырып, ұрлайтын. Қазіргідей камера, не бастыққа берілген жеке көлік жоқ. Жаяулатып түн жарымда мектепке барып келемін.

Ал қазір елдегі жағдай бірталай жақсарды. Білім саласына бөлінген қаржы да ұлғайды. Соның арқасында ауылымызда өзіміз армандағандай 1200 орындық білім ордасы 2009 жылы пайдалануға берілді. Зәулім ғимарат ауылға көрік беріп тұр. Тұрғындар санының артуына байланысты бұл мектепте де бала саны қазір көп. Тағы да білім ошағының қажеттігі туындап тұр. Ол да шешімі табылады деп сенеміз. Біз Тәуелсіз елдің ұрпақтарына дұрыс жол көрсету арқылы егемендігімізді еңселі ете түсеміз, – дейді ұстаз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<