Енді мұғалімдерді жұмысқа директор қабылдамайды – Министр мән-жайды түсіндірді

641

0

Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы қабылдау тәртібі енгізіледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзгерістерді сенат депутаттары мақұлдағанын хабарлады.

«Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды. Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін», – деп жазды жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мәселен, оның айтуынша, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Ал бұл білім беру сапасына кері әсер етеді.

«Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделіп отыр», – дейді Аймағамбетов.

Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады. Осылайша педагогті жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайтын болады. Педагогтердің кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылады.

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау енгізіледі. Бүгінде мемлекеттік ұйымдардағы басшылардың басым денімен мерзімсіз еңбек шарты жасалған, сондықтан көбі лауазымдық қызметті жылдар бойы атқарады.

«Басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылықтары да бар, кемшіліктері де көрініс тауып жатады. Орын ауыстыру үздік тәжірибені басқа да ұйымдарға енгізуге ықпал етеді. Әрине, бұл тұрғыда ротациялаудың нақты тәртібі бекітіледі», – дейді Аймағамбетов.

Ротацияны министрлік әзірлеген қағидалар бойынша білім басқармалары жүргізеді.

Спутник.кз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз