Googlе қазақша сөйлейді

889

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлымен кездесу өтті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысты.

Рауан Кенжеханұлы «100 жа­ңа оқулық» жобасы бойынша атқа­рылған жұмыстар туралы айтты. Гу­манитарлық бағыттағы әлемнің ең үздік оқулықтарын аударып, елі­міздің барлық жоғары оқу орын­дарына жеткізу, сол арқылы гума­нитарлық білім мен ғылымның маз­мұнын жаңартуды көздейтін жоба аясында қазақ тілінде жарық көрген 100 оқулық бүгінде еліміздің 130-дан астам оқу орнына таратылған. Олар – философия, әлеуметтану, пси­хология, тіл білімі, дінтану, тарих, әдебиет және өнертану, құқық, сая­саттану, экономика мен кәсіп­кер­лік, менеджмент пен маркетинг, медиа мен журналистика салаларын қамтиды.

– Оқулықтар тізімі еліміздің жо­ғары оқу орындарының оқытушы­ла­ры мен ғалымдарының ұсы­ныс­­тарына сүйеніп жасалды. Бұл – не­гі­зінен дүниежүзінің маңдай­ал­ды уни­верситеттерінің оқу бағдар­ла­­ма­ларына кірген, әлемге танымал ғалым­­­дардың мил­лиондаған дана­мен таралған кітаптары. Оларға сұра­­ныс та өте үлкен. Мысалы, Сти­вен Ковидің «Жасампаз жан­дардың 7 дағдысы» деген кітабы біздегі кітап дүкендерінде 10 жыл бойы бестселлер қатарында. Осын­дай бүкіл әлем оқып, дәл қазір талқылап жатқан кітаптарды орысша басылымымен жарыса қазақша шы­ғарып жатырмыз. Бізде мұндай кітап­тарды қазақ тілінде оқу, талқылау, пікір білдіру мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл алда жасалуы тиіс үлкен жұмыстың басы ғана, – деді қоғамдық қордың атқарушы ди­ректоры.

Аударылған оқулықтардың әрқай­сысы 10 мың данамен басы­лып, елі­міздегі барлық жоғары оқу орын­дарына, соның ішінде жекеменшік уни­верситеттерге де тегін тара­ты­лу­да. Оқулықтардың электронды нұс­қа­ларын интернеттен еркін оқуға бо­лады. Кітаптарды са­тып алғысы ке­летін көпшіліктің сұрауы бойынша қосымша тираж басылып, кітаптар еліміздегі ірі кітап дүкендеріне де жетті.

– Одан басқа, Оксфорд баспа­сымен бірге «Oxford Kazakh Dictionary» деген атпен үлкен қазақ-ағылшын және ағылшын-қазақ сөз­дігі шығады. Бұл аударма сөздігі өте ауқымды, көлемі мың беттен асады. Үлкен әрі аса маңызды жұмыс. Сонымен қатар, балалар әдебиеті бағытында да отызға жуық негізгі кітаптарды аудару жоспарда бар, – деді спикер.

Сондай-ақ, Рауан Кенжеханұлы тілдің әлеуетін көтерудегі техноло­гиялық мүмкіндіктер туралы да ой­ларын ортаға салды. Осыдан бір­неше жыл бұрын Googlе-аудармашы жүйесіне қазақ тілі қосылған болатын. Енді «Ұлттық аударма бюросы» Google компаниясымен бірлесіп, қазақ тіліндегі сөзді тыңдап, оны түсініп, өзі мәтінге айналдыратын және кез келген басқа тілге аудара алатын жүйені іске қосқан.

– Жүйенің іске қосылғанына бірер апта болды. Бұл ана тілі­міздің әлеуетін едәуір көтереді деп ойлаймын. Ана тіліміздегі бі­лім өзімізге қажет болса, оны біреу­ден талап етпей-ақ, әркім өз бетін­ше жұмыс істеп, үлес қосуына мүм­кіндік бар екенін атап өткім келеді. Мысалы, интернетте ақпарат іздеген адамның Википедияға көзі түспеуі мүмкін емес. Өйткені ол – іздегенге табылуы оңай және тегін энцикло­педиялық мәліметтердің ең үлкен қоры. Меніңше, бұл мысалдың біз үшін, қазіргі қазақ қоғамы үшін де маңызы зор. Қазақ тілінде біз осы жобаны қолға алған тұста 7 мың ғана мақала болған. Бүгінде 200 мыңнан асты. Бұл жобаға да мейлінше көп адамның назарын аудару керек. Қазақша Википедияға мақала салу – әрбір тілге жанашыр адамның хоб­биіне айналса екен дейміз, – деді ол.

Сөз соңында «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры «100 жаңа оқулық» жобасы жалғаса беретінін атап өтті. Ана тіліміз бен өз тіліміздегі білім мен ғылымды дамытамыз де­сек, аударма жұмысы тоқтамауы тиіс. Тек оқулық пен танымдық кітаптар ғана емес, көркем әдебиет те, кино мен телехикаялар, анимация, веб­ресурстар мен видео­ойындар, жалпы сұранысқа ие маз­мұнның барлығы аударылуы қажет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<