Инновациялық жоба нәтижесі

1620

0

Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі – білім беру саласындағы жаңа инновациялық жоба – венчурды дамытуды енгіз­ген облыстағы алғашқы мектептердің бірі. Жобаның мақсаты – білім саласына инвестиция тарту арқылы пайда табу.  Жаңа бағытта жасалған жұмыстар нәтиже бере бастады.

Білім ордасында өткен «Тәрбиелі зияткер ұрпақ – болашақ кепілі» атты облыстық әлеуметтік-ғы­лыми ашық алаңда жаңа тә­жірибелік зерттеу алаңы таныстырылды. Мектепте стратегиялық серіктестерді тарта отырып және облыста алғаш құрылған «Серіктес директорлар лигасының» жұмысы барысында венчурлық жүйені енгізіп, «Green study» жылыжай ғылыми-зерттеу орталығы іске қосылған болатын. Одан түскен пайдаға «Метеорология» атты тәжірибелік зерттеу алаңы ашылды.

Ауқымды шарада облыс­тық білім басқар­масының басшысы Ақзира Қасымова жылыжай жұмысымен танысты. Сондай-ақ, зерттеу алаңындағы ғылыми жоба­лардың тиімділігін айтып, осы бағыт бойынша оқу орнының тәжірибесін басқа білім ордаларына тарату керегін және мектеп базасында ғылыми орталық құруды тапсырды. Мектеп директоры Айгүл Мұсабаева бұл бағыттағы жұмыстар басталғанын жет­кізді.

Айта кету керек, мектепте оқушының қарым-қабілетін жан-жақты дамыту мақсатында 6 кіші мектеп, 18 жоба жұмыс істеуде. Олар – «Оқуға құштар», «Адалдық», «Отбасы», «Жасыл ғаламшар», «Онлайн мектеп», «Әлеуметтік-ғылыми» кіші мектептері.  Ал, «Green study» жылыжай ғылыми-зерттеу орталығы мен «Метеорология» тәжірибелік зерттеу алаңы – «Жасыл ғаламшар» кіші мектебінің жобалары.

Шарада «Отбасы» кіші мектебі аясында зиялы тұл­ғалар оқушыларға ше­бер­лік сабағын өткізіп, «Әлеу­меттік ғылыми» кіші мектебі бо­йынша «Оқушы үні», «Ұлы тұлғалардың на­қыл сөздері» жобалары таныстырылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<