«Мектепке барып оқығанның жөні бөлек»

2763

0

Бұл оқу жылы да түгесілуге жақын. Мұғалімдер де, балалар да оны былтырғыдай онлайн форматта аяқтап отыр. Пандемия жағдайындағы білім берудің ерекшелігі, тестілеу сынағындағы өзгеріс, Қазан мектебіндегі атыстан кейін елде, өңірде бала қауіпсіздігінің қаншалықты күшейетіні туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымовамен сұхбатта кеңінен айтылды.

Қазандағы қайғылы оқи­ғадан кейін Қазақстан мектеп­тері жан-жағын қымтауға көш­ті. Облыс мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі қалай өзгер­мек? Бұған дейін қандай деңгейде еді?

– Иә, бұл бәріміздің жа­нымызға батты. Өзіміз де бала өсіріп отыр­ғасын жүрегіміз ауырды. Қазан­дағы қанды оқиғаның мектепте тіркелуі балалар қауіпсіздігінің маңыз­дылығын тағы бір дәлелдеді.

Бүгінде басқармаға қарасты 1097 мекеме болса, оның 294-і – мектеп. Соның бәрінде бейне­бақылау камералары орнатылған. Қауіпсіздікті күшейту мәселесі, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қағидаты Ішкі істер мен Білім және ғылым министрліктерінің бірлескен бұйрықтарына сәйкестендірілуде. Былтыр осы бағытта 70 мектеп қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдерінің жедел басқару орталықтарына қосылды. Қауіп­сіздікті қамтуға бұл әлі жеткіліксіз.

Қазан мектебіндегі жағдай кезінде вахтердің дабыл тетігін іске қосуы арқасында құзырлы органдар әбжілдік танытты. Әйтпесе, адам шығыны тіпті көп болуы мүмкін еді. Осындай дабыл қағу тетігі облыс бойынша тек Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте бар. Енді оны бүкіл білім ошағына қоюға кірістік. Бүгінде мектептерде 882 қарауыл мен 568 вахтер жұмыс істейді. Оларды мамандандырылған күзет өкілдерімен ауыстыру қажеттілігін қарап жатырмыз. Тиісті қаржы бөлу, жұмыс орнының сақталуы жөнінде ұсыныстар жолдаймыз. Мұнан бөлек, турникеттер санын көбейтуге мүдделіміз. Автоматтандырылған өткізу жүйесі 29 мектепте ғана болса, тізімге тағы 20 оқу орны қосылады. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жиындарын жоспарлы, уақытылы өткізуге баса мән беріліп отыр.

Татарстандағы атыс көптеген түйткілдің шетін шығарып, одан сабақ алу керегін көрсетті. Білім және ғылым министрлігі өз позициясын жариялады. Соған сәйкес енді қауіпсіздік мәселесі балабақша, мектеп пен колледждердің аттестациясы барысында ескеріледі. «Ха­лықаралық аккредитация жүйесін қарасақ, қауіпсіздік – ең бірінші орында. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, бізде де осы сияқты әртүрлі жағдайларға төтеп беретіндей дайындық болу керек», – деп атап өткен еді министр Асхат Қанатұлы. Енді көп ұзамай білім беру мекемелерін техникалық жабдықтау, балаларды ғимаратқа кіргізу жүйесінде өзгеріс пайда болады. Өйткені бізге қарасты ұйымдардың түгел дерлігі террорлық әрекеттерге төтеп бере алмайды. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітіледі.

– Атышулы істегі күдікті Галявиевтің интернетке, атыс-шабыс ойындарға шыр­­мал­ғаны айтылып жүр. Не­сін жасырайық, қазір бала біт­кен смартфонға тәуелді. Біз Қазан трагедиясынан қан­дай сабақ алуымыз тиіс? Мек­теп психо­лог­тарының жұмысы енді есе­ленетін шығар?

– Аталған оқиғадан кейін министр психологиялық қыз­мет­тердің жұмысына және оған қолайлы жағдай жасау керектігіне көңіл аударды. Өйткені біздің байлығымыз да, болашағымыз да – бала. Өзіңіз білесіз, гаджет пен смартфонға тәуелділік қа­шық­тан оқу кезінде тіпті күшейді. Кейбір ата-аналар ұл-қызының телефонда не көріп, кіммен сөйлесіп отырғанына то­лық­­қанды бақылау жасамайды. Байқасаңыз, солардың көбі атыс-шабыс ойындарына әуес. Бұл, біріншіден, адамның агрессиясын оятады. Екіншіден, уақытын ұрлайды. Үшіншіден, миын улайды. Күрделі мәселенің күрмеуін шешуді мұғалімдерге ғана итеріп қою орынсыз дер едім. Оқушы тәрбиесіне мектептен тыс уақытта үйдегі үлкендер жауапты. Отандық байланыс операторларының «Ата-ана бақылауы» қызметі бар. Оның көмегімен көруге болмайтын сайттарды бұғат­тап, балаңыздың қандай ре­сурс­тарға кіргенін, кіммен сөй­лес­кенін біле аласыз. Өзім де бала­ларымды жоғары сыныпқа көш­кенге дейін көбіне осылай қада­ғаладым.

«Татарстан астанасындағы атыс­қа күдікті неге өзі оқыған мектепке барды, неге оқ жау­дырды?» деген ой мазалайды. Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Отбасымен, араласатын ортасымен қарым-қатынасы немесе тұрмыстық түйткіл, мектептегі жағдай әсер еткен шығар. Ғалымдар ата-анасынан қолдау көр­меген бала агрессор, буллинг құрбаны болуға бейім екенін дәлелдеп отыр. Ал құрдастары қорлап, мазақ еткен жасөспірім томаға-тұйық кейіпке еніп, психологиялық қысымға ұшы­райды. Мұндай балалар біздің көмегімізге, мейірімімізге зәру. Осы күні жергілікті білім беру ұйымдарында 481 педагог-психолог, 261 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Сонымен бірге пандемия кезеңімен бірге онлайн бағытта 8 психологиялық орталық аштық. Бұл балаға да, ата-анаға да бірдей қызмет етеді. Ендігі жерде, өзіңіз айтқандай, психологтарға бұ­рын­ғыдан артық жауапкер­шілік жүктеледі.

Суицидтің алдын алу, бала­лар­дың өмірлік дағдысын дамыту бағытында 2015 жылдан бері облыс әкімдігінің қолдауы негізінде «Bilim Foundation» қоғамдық қо­рымен бірлескен шаралар атқа­рып келеміз. Зерттеу нәти­жесіне сәйкес тәуекел тобында 600-дей бала бар. Қор бағ­дарламасының бірінші бағыты бойынша мектептердегі жо­ғары сынып оқушылары мен колледждердегі төменгі курс студенттері арасында ата-аналардың рұқсатымен сауалнама жүргізіледі. Нәтижесіне қарай жасөспірімдерге психи­калық қолдау көрсетіледі. Бала­ның мінез-құлқындағы өзгеріс бірден білінеді. Соны байқаған бойда санитарлық-техникалық жұмысшы да, мұғалім де бұл туралы пси­хологқа хабарлауы тиіс. Осындай жұмыстың арқасында біраз баланы қауіп-қатерден арашалап қалдық. Сұрау барысында байқағанымыз, балалар «мені тыңдаған жоқ» деп әке-шешелеріне, «мазақтады, кем­сітті» деп қатарластарына рен­жиді. Осындай мәселеде ортақ мәмілеге келуде пси­хологтардың ролі артты. Олар жылда біліктілік арттыру курстарына қатысады. Тәуекел тобындағылармен жұ­мыс іс­теуге әбден төселді. Шамасы жетпегендердің ауру­ха­нада жасырын емделуіне ықпал жасаймыз. Ата-аналар да әуелгі кездегідей бұдан қаш­қақ­та­майтын болды.

Психологтармен бірге әлеу­меттік педагогтардың ар­қалар жүгі салмақты. Сананы тұрмыс билейтіні айтпаса да түсінікті. Материалдық жетіс­пеушілік отба­­сының ты­ныштығына, жай­­лы өмір сүруге әсер етпей қой­майды. «Арал балалары» қоғам­дық қоры басқармамен бірге қиын жағдайдағы 150-ден астам отбасын қамқорлығына алды. Оның бірі тұрақты баспа­наның жоқтығынан көшіп-қонып жүруі мүмкін. Енді бірі тұрып жатқан үйдің санитарлық күйі сын көтермейді. Тағдыры әрқилы болғанмен, проблемасы ортақ отбасылар үшін қолдау ауадай қажет. Былтыр 15 шақтысы демеушілердің көмегімен баспаналы болды.

– Үш ай каникулда балалар үйге сыймайды. Олардың демалысын тиімді ұйымдастыру қалай жос­парланған? Пандемия ке­зінде мектеп пен тынығу лагерьлері ашық бола ма?

– Облыста 9 сауықтыру ор­та­лығы мен демалыс лагері бар. Биыл соның 8-і 105 мыңнан астам келушіні қабылдауы тиіс. Мектептер жанындағы 275 күндізгі лагерьге 90 мыңнан астам бала тарту көзделіп отыр. Осылайша жоспарлы жазғы демалыс 1-10 сынып оқушыларының 97 процентін қамтиды. Ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы 30 мың балаға каникулдағы бос уақы­тын тиімді ұйымдастыру үшін қолдау көрсетіледі. 49 мың бала әке-шешелерімен бірге санаторий, курорттарға барады. Жаңа­қор­ғандағы 8 ауы­сымды «Өзгент» лагері іске қосылады. Меценат, демеуші аға-апа­лары­ның көмегімен тағы бір­шама оқушы туристік-шатыр­лы лагерьлерде тынығады.

Қала сыртындағы лагерьлер мен сауықтыру орталықтарында жұмыс істейтін тәлімгерлер, тәрбиешілер «COVID-19» бойынша зертханалық сынаманың теріс нәтижесін немесе вакци­наның толық курсын қабыл­дағанын растауы тиіс. Ал келушілерден денсаулық жағ­дайы туралы құжат, жұқпа­лы ауруларға, оның ішінде коро­навирусқа шал­дыққан нау­қас­тармен байланыс­та бол­мағаны туралы анықтама, «COVID-19»-ға қатысты зерт­ханалық тексерудің теріс нәтижесі талап етіледі. Сынама қоры­тын­дысының мерзімі 72 сағат­тан аспауы керек. Мектеп жанын­дағы күндізгі лагерьлер жер­гілікті бас санитар дәрігердің келісіміне қарай жұмыс істейді.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында соңғы жылдары мектеп туризмін жандандыруға көңіл бөлініп келеді. 30 мыңнан астам оқушы биыл өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштермен танысады. Бұдан бөлек, 25 мың бала спорттық, зияткерлік, техникалық, шығармашылық үйірмелерде қа­рым-қабілеттерін шыңдау мүм­кін­дігіне ие. Былтырғы маусымда Instagram әлеуметтік желісіндегі online_vacaton_qzo парақшасында «Онлайн жаз» жобасы басталды. Оған бүгінде 22 мыңға жуық бала тіркелген. Биыл аталған жоба «Жазғы мектеп. Жазғы лагерь» деген атаумен жалғасады.

– Онлайн оқуға көзқара­сы­ңызды білгім келіп отыр. Әуелі артықшылықтарын санамалап берсеңіз…

– Біріншісі – кез келген уақытта білім алу мүмкіндігі. Материалды меңгеруге қашан және қай уақытта кірісетіні оқушының өз еркінде. Жеке оқу кестесін құрастырады. Екіншісі – қалауына қарай білім алу мүмкіндігі туады. Оқушылар қатарластарымнан артта қала­мын деп қобалжымаса болады. Күрделі тақырыпты зерттеу­ге қайта оралуға, бейнедәрістерді қажетінше қайталап көруге, мұғаліммен хат алмасып, оны кейін оқуға, білетін тақырыпты өткізіп жіберуге мүм­кіндік бар. Америкалық ғалым­дар қашық­тықтан оқыту мен дәс­түрлі білім беру нәтижесінің бірдей, тіпті одан да жоғары екенін дәлелдепті. Оқушылар онлайн форматта көптеген сабақты өз бетінше оқиды. Ал бұл тақырыпты түсінуге, есте сақтауға әсер етеді. Оқу үрді­сінде жаңа технологияларды қол­дану оны қызықты ете түседі.

Кейбір ата-аналар «мұға­лімдер пандемия кезінде үйде жатып ақша алды» деп жүр. Оған келіспеймін. Керісінше, әріптестеріміз бұрын­ғыдан екі есе көп жүмыс істеді. Егде жас­тағы ағай-апайларымыз алға­шында «бұл қалай болар екен?» деп қорқасоқтаған. Олар да көшке ілесіп, жаңа технология­ны біртіндеп үйренуге көшті. Ұс­таздардың жұмысының көп­тігі сондай, «Kundelik.kz» плат­фор­ма­сына түн жарымында кіріп, баға қоятынын байқадым.

– Ал кемшілігі неде?

– Қашықтан оқу мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де таңсық еді. Оған еш дайындық болған жоқ. Сондықтан, жасырып қайтеміз, жаңа форматқа көшуде көптеген қиындыққа кезіктік. Кейбір кемшіліктеріне тоқталсам. Сыртқы бақылаусыз оқу қарқыны төмендейді. Қашық­­тықтан білім беру комму­ни­кативтік икемділікті дамыту үшін қолайсыз. Оқу­шы­лардың бір-бірімен, мұға­ліммен байланысының аз­ды­ғы­нан оқы­тудың бұл фор­масы сы­пайы­лықты, сенім­ділікті, командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды әлсіретеді. Практикалық пән­дерді өткізудің қиындығы өз алдына, компьютерлік сауат­тылық мәселесі кейбір аға буын мұғалімдердің алдын кес-кестейді. Бәрібір мектепке барып оқығанның жөні бөлек. Балалар партасын, сыныптас­тарын сағынды. Ұстаздар да бұрынғыдай өзара қауқылдасып жүргісі, оқушылармен бетпе-бет жолыққысы келеді. Бұл карантин ата-аналарға мұғалім мен мектептің қадірін ұқтырғандай.

– Күні кеше ЮНЕСКО қа­зақстандық мұғалімдердің 80 про­центтен көбі сабақ беру кезінде компьютер, ноутбук пай­далана алатынын көрсетті. Біздегі көрсеткіш қандай?

– Қашықтан оқытуға бай­ланыс­ты мониторинг жүргізіліп, оқу­шы­лардың интер­нетке  ­қо­­­­­сы­­луы, ком­­пью­тер­­лермен қам­т­ы­­­луы, педа­­­гог­­­тардың да­йын­дық жағ­­дайы сарап­­талды. Респуб­­лика­лық бюджеттен 3,4 млрд теңге қаржыға 22 870 компью­терлік техника алынды. Жергілікті бюджет пен демеушілер есебінен 4 мың планшет, ноутбук берілді. Елді мекендердегі интер­неттің жыл­дам­дығын арттыру бағы­тында байланыс операторларымен бір­лескен жұмыс атқарылды. Мұның барлығы – қашықтан оқытудың сапасын арттыру, бала­ларға қолайлы жағдай қалып­тастыру мақсатында жа­салған жұмыстардың бір бө­лігі.

– Бірақ өңірде интернет жетпеген жерлер бар ғой…

– 26 ауылдағы мектептерде интернет болғанымен, ауылдың өзінде жоқ. Бала саны 300-ге жетпейтін болғандықтан оларда дәстүрлі оқу тоқтамады.

– Екі жыл бұрынғы рес­пуб­ликалық Тамыз конферениясында Президент мұ­ғалімдерді қосымша жұ­мысқа жегуді до­ғару­ды тапсырды. Нәтижесі қалай?

– Бұған қатысты Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 6 сәуірде шыққан №130 бұйрығы бар. Ол мамыр айынан бастап күшіне енді. Бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген.

– Қандай құжаттар?

– Пән мұғаліміне міндет­телгені екеу: біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жос­пары. Сондай-ақ оқу жылы­­ның басында күн­тіз­бе­лік-тақырыптық жоспар дайын­­дайды. Әр тоқ­санның со­ңында крите­риалдық бағалау құжаттарын толтырады. Осыдан басқаның қажеті жоқ.

Егер мұғалім жас педагогтың тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.

Егер мұғалім сынып же­текшісі болса, оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды. Өткізілген ата-аналар жиналысы туралы электронды хаттама, оқушылар табелін толтырады. Қажеттілікке қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады. Осылайша әріптестеріміз шамадан тыс есеп беруден босатылды.

Барлық білім беру ұйымының жұмысы білім алушыға бағыт­талуы тиіс. Білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің білік­тілігіне тікелей байланысты. Сол себепті педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби дең­гейін арттырып отыруы керек. Ал мектеп басшылары олар үшін шығармашылық орта қалыптастырып, қолдау білдіруі қажет.

– Бұдан мұғалімдердің мәр­­тебесі жоғарылағаны көрі­неді…

– Иә, соңғы уақытта әріп­тес­теріміздің қоғамдағы орны биіктей түскені қуантады. Еңбек­ақылары да еселеніп келеді. Колледждердегі кейбір оқыту­шылар мектептегі әріптестеріне қызығып жүр. Сонда ауысқысы келеді. Дегенмен, биыл ол кісі­лердің де айлық жалақысы 25 процентке артты.

– Еңбек жолыңызды мұға­лім­діктен бастадыңыз. Бас­шылық тізгінді қолға алғалы әріптестеріңіздің қандай мәсе­лесінің шешілуіне ықпал еттіңіз?

– Әуелі Қызылорда қала­сындағы №15 мектеп-гимназия­да 8 жыл бойы физика пәнінің мұғалімі болдым. Сол аралықта облыстың үздік физик мұғалімі атандым. Одан кейін туған жерім – Қармақшыда мектеп басқардым. Қазалы ауданында, Қызылорда қаласында білім саласына жетекшілік жасадым. Қазіргі қызметке осылай сатылап келдім.

Өзім мұғалім болған уақытта құжаттың көп талап етілетіні сонша бірін толтырып, біріне үлгер­мейтінбіз. Қазір қайта бұған шектеу қойылды. Мектеп директорлығына 29 жасымда тағайындалдым. Кей­бір нормативтік-құқықтық ак­­ті­лер­дің жетіспеушілігі жұ­мыс­қа кедергі келтірді. Асхат Аймағамбетов министрлік тіз­гінін қолға алғалы бұл мәселе біршама реттелді. Өйткені өзі де кезінде мектепте жұмыс істеді, мұғалімдердің жағдайын жақсы біледі.

Көктемде Қызылордада се­ріктес директорлар лигасы құрыл­ды. Соның аясында мектептерге 20 жобалық бағыт бекітілді. Бірі өзін-өзі басқару, бірі стратегиялық жоспар жүргізу, үшіншісі эколо­гия­лық білімді арттыру ісіне күш салады. Жақында ІТ салаға бағыт­талған бағдарламалау мектебінің жобасы таныстырылады. Нәти­жесінде үздік тәжірибені кеңінен таратамыз. Бұл идея қайдан келді? Мектеп басқарған кезімде әртүрлі шаруаның басын бір шалып, оның ілгерілеуге әсері болмайтынына көзім жетті. Лига жұмысын бірізділікке дейін апару жұмысы сатылап келетін болады. 

Ұстаздарды ынталандыру бағытында ауқымды жұмыс жүр­гізіліп келеді. Былтыр 10 ұстаз бірінші рет «Қызылорда облы­сының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Әрқайсысына 300 айлық есептік көрсеткіш кө­лемінде, яғни 833 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Сонымен қатар өткен жылы «Орта білім беретін үздік ұйым» атанған Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейіне 17 млн теңге көлемінде грант сертификаты табысталды. Биыл қаржылай сыйақыны екі есе көбейтіп отырмыз. Бұл жеңім­паз мектептің материалдық-тех­ни­калық базасын жаңартуға мүмкіндік береді.

– Кейбір мектеп басшы­лары­ның жылы креслодан жы­лыс­­тағысы келмейтіні бар. Бұдан бір жаңашылдық күту қиын шығар…

– Ауылдық жерлерде 15-20 жыл бойы бір мектепке жетекшілік жасап келе жатқан кісілер бар. Білім туралы заңға ротация талабы енді. Енді оның арнайы қағидасы бекітілуі керек. Өзім ротация инс­титутын қолдануды құптаймын. Әйтпесе, жаңашылдық болмайды, жұмыс өнбейді. Тіпті ұжымдастарың туысың сияқты болып кетеді.

– ҰБТ-ны электронды форматта өткізуге тест пункт­терінің әзірлігі қалай? Мұның алдыңғылардан айыр­машы­лы­ғы неде?

– Жаңа ереже бойынша мектеп бітірушілер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. ҰБТ-ның өзгерген форматы ашық әрі әділ өтеді. Бұл балалар үшін өте тиімді. Біріншіден, мектеп бітірушілер тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады. Өздеріңізге белгілі, биылдан бастап шешуші сынақ электронды форматта өткізіледі. Осы уақытқа дейін ақылы бағыттағы тестілеу өткізіліп келді.

Бүгінгі күні аймақта 261 мектепте 7 мыңнан астам оқушы мектепті аяқтайды. Бала­лардың 85 проценті ҰБТ-ға қатысуда. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін сынақ 6 мамырда басталды. 30 маусымға дейін жалғасады. Ол үшін Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында 475 орынға арналған мамандандырылған тестілеу ор­та­лықтары жұмыс жүргізуде. Әзірге ең жоғары ұпайымыз 137 балды көрсетіп отыр.

– Екі-үш күнде түлектер алтын ұясымен қоштасқалы тұр. Биыл соңғы қоңырау соғыла ма?

– Иә, оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Сол күні «Соңғы қоңырау» шарасы 9, 11-сыныптардың оқушыларына са­нитарлық талаптарды сақтау ар­қылы мектеп ауласында өт­кі­зіледі. Сыныптарда, онлайн режимде сынып сағаттарын ұйым­дастыру жоспарланған. Әр сынып оқушыларының шарасы бөлек, 2-3 сыныптан бар мектептерде кезекпен болады. Оқушылардың ата-аналары, заңды өкілдері, 9, 11-сынып мұғалімдері ғана қатысады. Сырттан қонақ шақырылмайды. Шара барысында әлеуметтік арақашықтықты сақтау, меди­циналық бетперде тағу талап етіледі. Мерейлі сәтте үздік мұғалімдер, оқушылар марапатталады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<