Өткен күннің сәулелі шуағы

8

0

Қағаз бетіне түсетін дүние өткен күннің шуақты белгісіндей болған, сағынып еске алатын балалығымның кейбір тәтті кезеңдерінен сыр шертпек.

Туған жерім – Арал ауданынан әрі 260 шақырым қашықтықта орналасқан Құланды елді мекені. Тынымсыз ең­бектің қазанында қайнаған, қоңырқай тірлігі бар, аузын ашса жүрегі көрінетін қарапайым еңбек адамдары мекен еткен құмды өлке. Жастығымның куә­сі, өткен күндерімнің жаңғырығы, са­ғы­ны­шымның парағындай туған жерім.

Атам Қазтуған – аузынан шүкір­шілігі түспеген жан. Бір шиден екі ба­ласы мен әйелін шығарып келіп, жаны мен жүрегі езіліп отырғанда айтқан сөзі шүкіршілік екен. Содан менің әжем Зибаны алып, бір қыз, үш ұл өмірге келген. Қазір әулет мәуелі бәйтерекке айналды. Әкеммен бірге туған Зейнел апам 1982 жылы 54 жасында өмірден озды. Апам көрші Ақбасты елді меке­ніне тұрмыс құрып, сонда тұрды. Мек­тептен демалысқа шықсақ, сонда тартып отыратынбыз. Өте бауырмал, тапқан-таянғанын аузымызға тығып бәйек болатын. Қайтар кезде әжеме бөлек сәлемдемесін, әке-шешеме қал­та-құлтасын дайындап, үлкенге қалай құрмет жасайтынын көрсететін.

Әкем Қуандық пен шешем Тәрбия – ауылдан ұзамай, адал еңбекпен нә­сібін терген еңбекқор, қарапайым жан­дар. Олардың бауырынан жеті бала өрбідік. Қамқорлығын сөзбен жеткізе алмаймын. Бізді ұл-қыз деп бөлген жоқ. Барлығымызға қаладан баспана алып берді. Ал анам сөзге ұста, бірақ көп сөйлемейтін, әр сөзі мірдің оғындай өткір кісі болатын. Әке-шешемнің нұры пейіште шалқысын.

Кіші әкем Молдағали өте сауатты, көзі ашық, түбектегі 8 жылдық (ол кез­де мектеп 8 жылдық) мектепте оқыса да, орыс тілі, математикаға жүйрік бо­латын. Жаны таза, біреу үшін шы­найы қуана алатын жан еді. Жайы жаннаттың төрінде болғай. Ал Құдай қосқан қосағы Манар шешем қазір ауылдағы қарашаңырақта, жеті бала­ның ақылшысы болып отыр.

Сөзімді сабақтай отыра, әңгімені ортаншы әкем Қуанышқали мен жеңгем Несіпкүл жайлы қозғамақшымын. Бү­гінгі көңіл тебіренісімнің басты түрт­кісі де осы кісілер.

Қуанышқали әкем – облыс көлемін­де қызмет атқарып, еңбегімен құрметке бөленген, қарапайымдылығын ел аңыз қып айтатын дара адам. Бізге үнемі «Қуандық ағамның арқасында қалаға кеттім. Әке-шешемізге қарайлама, өзім бағамын. Сен оқы, ауылда қалып қойма. Оқы, оқы деп қалтама қаражат салып, болашағыма жол сілтеген ағам еді» деп айтып отырады. Ойланып қарасам, сол кезде інісіне қолдау көрсетіп, ауыр жүкті мойнына арқалаған, бауырын алға жетелеген әкем бар-жоғы 20 жаста екен. Әлі бұғанасы қатпаған жігіт іні­сінің бойындағы білімге құштар­лығын байқап, ауылда қалса көптің бірі болар, жер көрсін, көкжиегі кеңіп, ел аза­маты болсын деп үкілеп шы­ғарып сал­ғанына қарап әкемнің азамат­тығына, бауырмалдығына тәнті боламын.

Әкемнің қолдауымен 1959 жылы қалаға жол тартқан Қуанышқали ағам­ның жолы болды. Жоғары оқу орнына түсті, қызметке орналасты, өмірлік серігі Несіпкүл жеңешеммен бас қосты. 1967 жылдың қараша айында үйленіп, 4 баланың ата-анасы атанды. Несіпкүл жеңшем – Түркістанның тумасы, Ал­да­берген мен Зүлфайымның отбасында дүниеге келген жалғыз қыз. Артынан ерген Адырбек есімді бауыры бар. Жеңгем ауылға келін болып келгенде бар-жоғы бір жастағы қыз екенмін. Өте томпақ, «жүгіргенің мен жүргенің бірдей болған» деп жеңгем үнемі айтып отырады. Соған қарап «Бұлдырық» деп ат қойғанмын, домалап бұлдырыңдап жүретінсің дейді. Үлкен апама «Қа­ракөз», ағама «Төрежан» деп ат қой­ғанына құрметпен қараймын. Қаланың тәрбиесін алып, жалғыз қыз болып өссе де, қарапайымдылығына және қазақи болмысына қалай тәнті болмайсың.

Мен ағамның қолына мектептегі оқуымды жалғастыру үшін 1982 жы­лы 16 жасымда келдім. Ол кезде Қуа­нышқали ағам Қазалыда қызмет атқарады. Сол жақтағы 4 жылымның алғашқы 2 жылында мектеп қабыр­ға­сында оқысам, 2 жыл мектепте пионер вожатый болып жұмыс істедім. Аға-жеңгемнің тәрбиесіндегі кезім мен үшін өмір мектебі болды. Үй қонақтан арылмайтын. Күніне 4-5 дүркін қонақ келіп, дастарқаннан дәм тататын. Жең­гемнің жанында көмектесіп жүріп, жақсы нәрселерді үйрендім. Несіпкүл жеңгем мектепте француз тілі пәнінің мұ­ғалімі болды. Көрікті, сыпайы сөй­лейтін, мінезі тік, тік мінездің артында аналық махаббат жататын.

Жоғарыда айтқандай, Зейнел апам дүниеден өткенде ауылда әлі өз қолы аузына жетпеген 9,11,14 жасар Гүлнәр, Алмагүл, Сексенбай деген балалары қалды. Оларды әкеліп үй алып беріп, мектепке орналастырды, ағам мен жең­гемнің қамқорлығында болды. Үлкені Үкілі тәтем ол кезде Қызылорда ме­дициналық колледжінде оқып, кейін балаларға басшылық жасады. Зейнел апамның 4 баласы, Қуандық әкемнің 4 баласы, Молдағали әкемнің 2 баласы осы аға-жеңгемнің тәрбиесінде болды. 9-10 сыныбымызды оқимыз, мектеп бітірген соң оқу орнына түсіп, әрі қа­рай қызметте қаламыз. Ішіп-жеміміз осы кісілердің мойнында. «Сонда біз не ойлағанбыз, тамақ, киім қайдан келіп жатқанына мән бермеппіз. Інім мен келінім бағуға тиіс секілді сендерді ойланбай жібере беріппіз ғой» деп айтып отыратын әкем марқұм.

Анам жарықтық «Сендер ешнәрсе айт­паған соң, мен де сұрамаппын. Еш­қандай сыбыстарың естілмеді» дегенде ойланып, жеңгемнің ұрысқан сәтін есіме түсіре алмай қойдым. Туған ана­мыздан кем болмай, бар білгенін үйретті.

Әлі күнге дейін есімде. Біздің кезі­мізде 7 қараша, 1 мамыр мерекелерінде шеруге шығатынбыз. Ақ фартук, қы­зыл галстугімді тағып кетіп бара жат­сам, ағам жеңгеме қарап:

– Балаларға не бердің? – деп сұ­райды. Несіпкүл жеңешем барлық ба­лаға 20 тиыннан беріп шығады. 20 тиын ол кезде қыдыруымызға мол жететін. Біраз жерді шарлап, керемет көңіл-күймен оралатынбыз. Әр мерекеде 20 тиын беру – ағам мен жеңгемнің басты қағидасы еді. Қазір ойланамын, ата-анадан жырақта, жүрегінде сағы­ныш жайлап жүрген бізді қуанту ол кісілердің ойына қалай келді екен? Бұл ағам мен жеңгемнің өресінің биігі, көргендерінің көптігі, үлкен қайын аға мен абысынға деген құрметі деп ба­ғамдадым.

Көненің көзіндей, асылдың сыны­ғындай, елге қызметімен еленген аяулы ағам Қуанышқали 83 жасқа, асыл жең­гем Несіпкүл 80 жастың төріне шығып отыр. Өздерінің төрт баласына қосып тәрбиелеген бауырларының 10 баласы қазір әр салада қызметте. Қандай биікте жүрміз, білмеймін.

Сөзімнің соңын Қуанышқали ағам мен мені «Бұлдырық» деп атаған жеңгем туралы осы екі асыл жандардың шерепетін көрген Гүлнәр сіңілімнің «Аға-жеңгемнің жақсылығын ұмыт­сам, Құдайды ұмытқаным» деген сөзі­мен қорытындылағым келіп отыр. Сіздер де Құдайдың назарынан ұмы­тыл­май, қазыналы қарттықтың қызы­ғын көріңіздер!

Бибатпа ҚАЗТУҒАНОВА