Миллион бұйырған мектептер

1521

0

Осыдан 6 жыл бұрын шығар, дәлірек айтайық, 2014 жылы облыстық «Ұстаз үні» газетіне хабарландыру берілді. Ондағы ақпаратта «Орта білім беретін үздік ұйым»  конкурсы туралы айтылған. Бұл Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының мөлшерін және оны беру тәртібін белгілей отырып, оны беруге арналған конкурсты өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес қолға алынған жоба болатын. Конкурстың негізгі мақ­са­ты – қатысушы мектеп­тің орта білім беруде педаго­гикалық және басқару тәжiрибесiн анық­тау. Сондай-ақ мектептегі пе­дагогтар мен басшыларының кәсiби және жеке тұлғалық өсуiн ынталандыру, елдегі ор­та бiлiм беру жүйесiнiң даму үрдiсiн анықтау. Ал үздік мек­тепті анықтау үшін арнайы сала мамандарынан комиссия құ­рылатыны тағы белгілі.

Ал осы «Орта бiлiм бере­тiн үздiк ұйым» грантын ал­ған мектеп 17 млн теңгені ие­ленеді. Аз қаражат емес. Жыл сайын өтетін конкурсқа бұл қар­жы облыстық бюджеттен қа­ралады. Қаржыны ұтып ал­ған білім мекемесі қа­жетіне, мысалы, мектептің ма­те­риалдық-техникалық жа­рақ­тан­дырылуын жақсартуға жұмсайды.

Оқырман есіне салсақ, ал­ғаш 2014 жылы байқау жариялана салысымен қатысуға 10 мектептің құжаты тапсырылып, нәтижесінде облыстық ко­миссияның шеші­мімен №10 облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты жеңімпаз атанды. Келесі жылы 9 білім ұжымы бақ сынап, нәтижесінде оның ішін­де №9 облыстық дарынды ба­ла­ларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты биіктен кө­рініпті.

Әрі қарай жыл бойынша санамаласақ, 2016 жылы №4 об­лыстық дарынды бала­ларға ар­налған мектеп-интер­наты, 2017 жылы қаладағы №3 мек­теп-ли­цейі, 2018 жылы №2 «Мұрагер» мектебі осы кон­курстың грантын иеленген.

Былтыр байқауға қатысуға 5 мектеп тіркеліп, құжаты тия­нақталған соң, облыстық комис­сия шешімімен Қармақшы ауда­нындағы №277 мектеп-лицейі осы қомақты қаржыны ұтып алды. Ал биыл Қазалы ауданының мектебі бұл грант жүлдесіне лайық деп танылған. Грант ұтқан Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің дирек­торы Батырбек Тәңірбер­ге­новпен телефон арқылы тіл­де­сіп, құттықтадық.

– Соңғы үш жылда ұстаздар мен оқушылардың жеткен же­тістіктерін комиссияға ұсын­дық. Осылайша, ұстаздар мен оқу­шылардың білімі сарапқа са­лынып, арнайы комиссия ше­шімімен грант иегері атан­дық. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Енді – қаржымызбен өз мек­тебімізді қажетті жабдықтар­мен жасақтайтын боламыз. Мы­салы, жаңа ақпараттық-тех­нологиялық құрылғылар алынып, 500 орындық мә­жіліс залына LED экран құру жоспарда бар. Бұдан өзге іс-шараларға қажетті музы­ка­лық аппараттың барлық жаб­дықтарын аламыз. Қалған қар­жыға ұстаздар мен балалар пай­даланатын ноутбуктер сатып аламыз. Әрине, бұл мектеп жанындағы қамқоршылық кеңестің және облыстық білім басқармасының келісімімен жүзеге асатын болады. Бар­лық қажетті заттар арнайы заң жүзінде, тендермен, мемлекет­тік сатып алу арқылы келеді, –  дейді мектеп директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<