Мұғалім – мектеп айнасы

1248

0

Ұзаған жылы ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Осынау уақыт аралығында еліміз әлемдік үдеріске ілесіп, жаңаша даму бағытына қадам басты. Әр сала бойынша негізгі басымдықтар айқындалып, жүйелі жоспар жасалды. Бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді. Осы орайда білім саласы бойынша «Педагог мәртебесі» заңының қабылдануы сала мамандарының қоғамдағы орнын айқындап, сол арқылы білім беру ісіне жаңаша серпін ала келді.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында «Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз» деген сөзі білім саласының болашағына сенім ұялатып отыр. Сондай-ақ, орта білім беру саласы бойынша 2025 жылға қарай елімізде бір мыңға жуық мектеп салуды міндеттеген болатын.  Бұл тапсырма облысымызда, оның ішінде Арал ауданында да жүйелі жүзеге асырылып отыр.

Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында тұрған ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда ұстаздар қауымының аянып қалмайтынына сенімдімін. Өзім Арал қаласындағы №220 мектепте 35 жылдан бері сүйікті мамандығым бойынша еңбек етіп, жас ұрпаққа білгенімді үйретіп келемін. Осынау мәртебелі міндетті атқаруда шәкірттер алдында зор жауапкершілікті сезінемін. Шығармашылығымды үнемі дамытып отыруға тырысамын. 2019 жылы география пәні мұғалімдері арасында өткен аудандық олимпиадада бас жүлде – бір миллион теңгені жеңіп алып, кабинетімді пәндік бағдарлама талаптарына сай жабдықтадым.

Жаңа ғасыр тұсында қоғамда орын алған түрлі өзгерістер жас ұрпақты жаңаша оқыту мен тәрбиелеу міндетін алға тартты. Бұл тұрғыда мұғалімдердің еңбекақысын кезең-кезеңімен көбейтіп, әлеуметтік қолдау шараларын арттыру олардың қоғамдағы келбетін қалыптастырып отыр. Жаңа жыл қарсаңында аймақтың білім беру саласында абыройлы еңбек етіп жүрген әріптестеріме мықты денсаулық, мәртебелі міндетімізді атқару жолында толағай табыстар тілеймін!

Дариха АҚЖОЛОВА,

№220 орта мектеп мұғалімі,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<