Музыка сабағында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен оқу процесін ұйымдастыру

70

0

Бүгінде физикалық және психологиялық дамуы қалыпты оқушыға қарағанда ерекше білім беруді қажет ететін баламен жұмыс маңызды. Себебі мүмкіндігі шектеулі баланың әлеуетін тану, оқыту бағдарламасын жүзеге асыру кешенді жұмысты талап етеді. Әсіресе, музыка пәнін интеллектуалды даму деңгейін көтерертінін ескерсек, бұл жүк ауырлай түседі. Осы орайда оқушыларды денсаулық жағдайын саралау әрі білім беру бағдарламасын талдау арқылы инклюзивті оқытудың мән-мағынасын ашып, білім беру процесін бағамдап көрейік.

Әрине, мүмкіндігі шектеулі баланың оқу жүйесі алабөтен. Мәселен, оның қабылдау көрсеткіші, меңгеру ерекшелігі, икем-қимыл деңгейі оқыту кезіндегі жеке бағдарлама түзуге итермелейді. Оның үстіне нейрохирурдың болжамына сүйенсек, адам денсаулығын жақсарту үшін музыканың пайдасы мол. Ал балаға, яғни мүмкіндігі шектеулі оқушыны ерте жастан музыкаға баулу, жан-жақты білім беру оның өмірлік дағдыларды игеруіне ықпал етіп, қоғаммен қарым-қатынасын тиянақтайды. Бұл ретте тақырыптық бірнеше маңызды аспектісін ұғынған жөн.

Алдымен инклюзивті білім беруде идеологиялық бағдар маңызды. Бұл, әсіресе, оқушылар арасындағы қарым-қатынасты бірізділенуден туындайды. Олай дейтініміз, мектеп оқушылар мен қоршаған орта толерантты, өзара мейірімді болса ғана мүмкіндігі шектеулі баланың алаңсыз оқуына, мүмкіндігін толық ашуына жағдай туады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды дамуы қалыпты құрдастары қатар білім беру, тәрбиелеу – нәтижеге жетудің төте жолы. 

Инклюзивті білім беру нәзік тақырып екені айтпаса да анық. Мұғалімге де сабырлы қасиет пен асқан жауапкершілік қажет. Педагогтің табандылығы, ерік-жігер еркіндігі, кәсіби деңгейі мен тәжірибесінің көрсеткіші баланың үлгеріміне әсер етеді. Мұғалім мүгедек баламен жұмыс кезінде оның қимылын, ойлау дағдысын, мінез-құлқының өзгеру райын толық аңдап отыруы шарт. Бұл оқу бағдарламасына өзгеріс енгізіп, оң нәтижеге жетуге көмектеседі. Сондай-ақ сезімталдылық пен мейірім, оқушыға қолдау көрсету мен төзімділік бұл орайда да алтын тұғыр саналады.

Орайы келгенде музыка сабағында ерекше білім беруді қажет ететін оқушымен жұмыс тәжірибесімен бөлісейін. Барлық музыка сабағындағы маңызды кезең – ән айту. Бұл ретте баланың дұрыс дем алу маңызды. Педагог мүмкіндігі шектеулі балаға дұрыс тыныс алуға техникасын үйретіп, артикуляциялық жаттығуларды орындату арқылы әріптердің анық естілуін қадағалайды. Бұл ән сабағында ғана емес, қарапайым өмірде дұрыс сөйлеу дағдысының қалыптасуына әкеледі. 

Сонымен қатар психологиялық және физикалық кедергілерді жоюға арналған жаттығуларды жасату секілді әдіс те кең қолданылады. Ал дене қимылын қалыптастыру, моториканы дамыту пәндегі тақырыптарды игеруге мүмкіндік ашары анық.

Маңыздысы, әрбір педагог музыканың көмегімен мүмкіндігі шектеулі балаға әсер ете алатынына сенімді болуы шарт. Сол арқылы баланың интеллектуалды және эмоционалды дамуына көмектесіп, әлемді эстетикалық деңгейде қабылдауына мүмкіндік сыйлай алады. Ал мүмкіндігі шектеулі баланың шығармашылық қабілетін ашып, өнерге жақындатса, онда мұғалімнің үлкен арманы орындалғаны деп білемін.

Қазына Картанова,

З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің музыка пәнінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<