Шәкірттерін шыңға шығарған

810

0

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Осындай құрметке лайық жандардың бірі – Роза Жаппарова.

Ол – Жаңақорған ауданы Кеңес ауылындағы Т.Әбдірашев атындағы №239 орта мектептің химия пәні мұғалімі. Мектепте «химия қиын» деген ұғымды жоққа шығарып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын  оятып, жетік меңгеруге болатынын дәлелдеген жан. 

Роза Әбдіқалыққызы 1990 жылы Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының  химия-биология факультетін үздік бітірген.  Жас маман дипломын қолға алған күннен бастап, №239 мектепте ұстаздық етіп келеді. Еңбек өтілі – 31 жыл, жоғары санатты.  Ұстаз еңбегі шәкіртінің жетістігімен бағаланады десек, оның оқушылары пәндік олимпиадаларға, ғылыми жоба сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр. «Мұғалімнің  бүкіл мақтанышы – шәкірттерінде, өзі шашқан білім дәнегінің өсіп-өнуінде» деп бекер айтылмаған. Білікті ұстаздың мақтан тұтар шәкірттері көп. 

Ізденімпаз мұғалім аудандық, облыстық деңгейде ұйымдастырылатын шаралардан қалыс қалған емес. Біліктілікті арттыратын арнайы оқу курстарынан өтіп, білімін шыңдап келеді.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Жомарт жүрек» сыйлығы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бағдарламалық мақаланың бір бағыты – туған жерге құрмет көрсетіп, елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды үлгі ету.  Роза Жаппарова «Жомарт жүрек» сыйлығының аудандық кезеңіне қатысып, «Жыл тұлғасы» номинациясын иеленді. Озат атанған оның оқушысы Артық Тұрсынбек  биыл ҰБТ-дан 135 балл алды. Мектеп бітірген 12 оқушының 11-і тестілеуге қатысып, 6-ы 100 балдан  жоғары жинады. Оның 4-уі – Розаның оқушысы. Таңдау пәні – химия.

Осы еңбегі үшін ұстаз аудандық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 2017 жылы «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісін таққан. Сонымен қатар химия пәнінен ұстаздар арасындағы онлайн блиц-турнирдің жеңімпазы.

Аядай ғана ауыл мектебінде еңбек етіп, оқушыларға сапалы білім берумен қатар ҰБТ көрсеткішін жоғары нәтижеге жеткізген ұстаз болашақ мықты химиктерді даярлауда. Жылда мектепті 10-15 бала бітірсе, оның 3-4-уі химия пәнін таңдайды. Тіпті біршама оқушысы жоғары оқу орнын бітіріп, ұстазының жолын қуған. Әл Фарабидің «Ұстаз тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені аса қаталдық  шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру  қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селсоқ қарайтын болады» деген тәмсілін өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаздың еңбегі  өлшеусіз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<