Соңғы тоқсанның салмағы ауыр

922

0

Иә, сөзіміздің басын осылай бастауға тура келіп тұр. Себебі: өткен жылдан бері әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан білім беру ұйымдарының жұмысы белгілі тәртіпке бағынып, ауру өршіп тұрған алғашқы уақытта яғни, I оқу тоқсанында оқушылардың 79% қашықтан, 21% дәстүрлі түрде  оқытылса, II тоқсанда 68% қашықтан, 32% дәстүрлі, ал III тоқсанда  58% қашықтан, 42% дәстүрлі оқытумен қамтылған. Өздеріңізге белгілі, 1 наурыздан бастап мектептер 30% қашықтан, 70% дәстүрлі оқытуға көшкен болатын.  Ал енді – соңғы тоқсанда сақтық шараларын күшейте отырып, аймақтағы барлық мектептер 100% штаттық режимде жұмысқа қосылатыны белгілі болып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен арнайы брифингте облыстық білім басқармасы басшысы Ақзира Қасымова IV тоқсаннан бастап барлық сынып оқушылары (55 408 оқушы) мектепке баратынын мәлімдеді.

– Қызылорда облысы «жасыл аймақ» қатарында болғандықтан облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің № 5 қаулысына сәйкес 1-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқиды.

 Оқушылар негізгі пәндерді дәстүрлі, қалған пәндерді қашықтан оқи береді. Мәселен, музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәндерін оқушылар қашықтан оқи алады. Ал, дене шынықтыру сабақтарын таза ауада өткізу ұсынылды. Айта кетейік, жекелеген пәндерді қашықтан оқыту мәселесін әр мектеп өзі дербес айқындайтын болады. Сондай-ақ, жаңа қаулыға сәйкес білім беру ұйымы әкімшілігі сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға мүмкіндігі бар – дейді басқарма басшысы.

Әдеттегідей, оқушылар мектепке кірер алдында 5 сатыдан тұратын дезинфекциялаудан өтеді. Бұл үшін барлық мектептер талапқа сай толық жабдықталады. Ал қандай жағдайда оқушылар қашықтан оқытылады? Бұл сұрақтың жауабы былай: осыған дейін ағзасында ауру белгілері байқалған немесе ауырған адамдармен байланыста болған оқушыларға арнайы медициналық тексерудің қорытындысымен ғана мектепке келуге рұқсат етіледі. Егер рұқсат етілмеген жағдайда қашықтан оқытылады.

Ата – аналарды алаңдататын тағы бір сұрақ – мектеп формасы. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінге дейін қалыптасып отырғандай, оқушылардың классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуіне рұқсат етілген. Яғни, мектеп формасына қатысты қатаң талап болмайды.

Айта кетейік, 1 сәуір – 1 тамыз аралығында бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау басталады. Құжаттарды egov.kz арқылы беруге болады. Ол үшін қажеті – 4 құжат қана: ата-ананың өтініші (ата – ана немесе оларды алмастыратын тұғалар), баланың туу туралы куәлігі, «Бала денсаулығы паспорты», 3х4 көлемді фотосуреті.

Қорыта айтқанда, әрбір ата – ана өз балаларының денсаулығын қатаң қадағалап, жеке гигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Қалай болғанда, соңғы тоқсанның салмағы ауыр, жауапкершілігі зор.

                                                                                           Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<