Студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы қаншалықты өседі?

779

0

2025 жылға дейін студенттер мен докторанттардың шәкіртақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланып отыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім алушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мемлекет білім беру гранттарын ұсыну, жолақысын өтеу және оқудағы жетістіктерін ескере отырып шәкіртақы төлеу түрінде тиісті жағдай жасайды. Шәкіртақы мөлшерін ұлғайту мәселесі үнемі бақылауда тұр және бюджет мүмкіндіктеріне байланысты қарастырылады. Мәселен, бакалавриат студенттерінің ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақысының мөлшері 2005 жылғы 2 913 теңгеден 2020 жылы 26 186 теңгеге дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылды», – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының атап өтуінше, 2020 жылғы 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап педагогика мамандығы бойынша бакалавриат бағғдарламасында білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы 26 мыңнан 42 мыңға дейін, ал докторанттардың шәкіртақысы 150 мың теңгеге дейін көтерілді.

«Жастар-Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыру жол картасының 12, 13 тармақтарына сәйкес, 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысын 100 пайыз, ал магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 75 пайызға кезең-кезеңімен ұлғайту көзделгенін атап өткен жөн», – деді Премьер-Министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<