Жаңа кезеңнің жауапкершілігі

703

0

Жылдан жылдың жүгі ауыр. Білім саласы ұзақ уақытқа созылған онлайн оқудан кейін дәстүрлі оқуға кіріскелі бір ай өтті. Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарованың айтуынша, пандемия кезіндегі шектеу шараларына байланысты туындаған олқылықтардың орнын толықтыру мәселесі күн тәртібінде тұр.

Арал ауданындағы 41 мектепте 1-10 сыныптар аралығындағы 425 топта 5000-ға жуық оқушы «Жазғы мектеп» шарасына тартылды. Осы сыныптарға 800 мұғалім сабақ берді. Лабораториялық, тәжірибелік және серуен сабақтары білім бөлімінің You Tube каналдары мен әлеуметтік желі парақшасында жарияланды. Биылғы оқу жылында да әрбір педагогке шәкірттерінің біліміндегі әлсіз тұстарды анықтап, дер кезінде көмек көрсетудің тиімді жолдарын жоспарлау керек. Бұл оқыту қызметінің ауқымын арттыра түсіреді.

Жаңа оқу жылында Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» бүлдіршіндерге, ата-ана, мұғалімдерге де шаттық сыйлады. Оқушының білім алуы мен дамып-өсуіне қолайлы, қауіпсіз жағдай жасау – міндет. Аудандағы білім ордаларының жыл сайын материалдық-техникалық базасы нығайып, пән кабинеттері заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталуда. Кеңжолақты интернет желісі және үздіксіз білім ресурстарының қоры тіркелген «Bilimland», «Онлайн-мектеп» тәрізді платформалармен қамту жолға қойылып, мектептер ішкі дәретхана және бейнекамера жүйелерімен толық қамтамасыз етілген.

Дәстүрлі оқыту форматына түбегейлі көшу үшін ҚР ДСМ бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысы басшылыққа алынды. Күнделікті дизенфекциялау жұмыстары жүргізіліп отыр. Мектептің ішкі бөлігінде орналасқан санузель, сынып кабинеттері мен балалардың жүретін жолдарында туннел, антисептиктер қойылып, сабақ басталғанға дейін сынып іші кварцталуда. «Бір сынып-бір кабинет» ережесі сақтады. Пән мұғалімдері мектеп ғимаратына арнайы «Ashyq» жобасы арқылы ғана кіре алады.

Балалармен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, білім беру ұйымдарының қызметкерлері түгел екпе салдырды. Дегенмен, оқушылар да, қызметкерлер де ара қашықтықты сақтау, маскамен жүру қағидасын үнемі назардан тыс қалдырмайды.

Ауданның мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 528,  мектептерде 2582 педагог  қызмет жасайды. Жыл сайын құрам жас педагог мамандармен толығып отыр. Биылғы оқу жылының өзінде 76 жас маман жұмысқа қабылданған. Мектептерде магистр академиялық дәрежесі бар 25 педагог қызметкер еңбек етеді. Мұғалімдердің 90 пайызы оқытудың жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілігін арттырса, бірқатар мектеп директорлары мен орынбасарлары көшбасшылық курсынан, деңгейлік бағдарлама бойынша 3 айлық курстан, басшылық бойынша менеджмент курсынан өткен.

Өткен оқу жылы мектеп бітірген 874 оқушының 861-і (98,5 пайыз) арнаулы, жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Жаңа оқу жылында Сексеуіл кентінде 300 орындық №283 орта мектебі жаңадан салынып  іске қосылса, Арал қаласында 200 орындық оқу ғимараты мен 100 орындық жатақханасы бар № 71 орта мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.

Онлайн семинар, форум, педагогикалық оқу, ғылыми конференцияларға қатысып, педагогикалық іс-тәжірибелерін насихаттауға мүмкіндік алған ұстаздар аз емес. Түрлі республикалық және облыстық деңгейдегі кәсіби байқаулардан 85 мұғалім жүлделі орыннан көрінді.

Бұл оқу жылының бұрынғыларға қарағанда талабы ерекше. Оқушыларды онлайннан дәстүрлі оқуға қайта бейімдеу біраз күш-жігерді қажет етеді. Ұстаз қауымы бұл жауапты жұмыста басты тұлға өзі екенін біледі және онлайн кезіндегі олқылықтардың орнын толтыруға мүдделі.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<