Жаңару жолындағы колледж

804

0

«Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді». «Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз  өмір – тұл».  «Терең білім –  тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой –  азаттығымыздың алдаспаны». Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білім туралы айтқан қанатты сөздері. Рас, білім – қай қоғамда болсын алға жылжудың, дамудың басты нышаны. Соның ішінде кәсіптік білімнің алар орны да ерекше.

Тарихтан аз-кем

Іргетасы сонау 1961 жылдың 15 маусымында қаланған сол кездегі кәсіптік училище, бүгінгі аграрлы-техникалық колледж  алпыс жылдың асуын алқымдады. Екі қолға бір күрек ұстап, тыраштана тіршілік қылатын атпалдай азаматтарға арналған училище талай жанның темір ұстап, нан табуына жол ашты, қияға қанат қақтырды. Бүгінгідей бәсеке болмаса да, кәсіпке деген ынта-ықылас мейілінше мықты болды. Ал, жылдар өтіп, замана көші алға жылжыған сайын оқу орнының атауы түрліше құбылып, прогреске икемделе бастағаны айқын.

Кәсіптік училищені ең алғаш басқарған білім саласына үлкен үлес қосқан Мақсұт Ибрагимов болатын. Бастапқыда «Тракторист» мамандығы ғана оқытылған. Ең қызығы, әйел адамдардан өндірістік оқыту шебері болмаған. 1981 жылдан бастап кәсіптік салаға ер мінезді, трактор мен комбайнның тізгінін ұстайтын әйел ұстаздар келе бастады. Бұл – сол заманның көрінісі. Бертін келе, кәсіптік колледж өнер бағытына да бет бұрды. Республикалық деңгейде мәдени шараларға атсалысып, ауданның атын шығарған-ды. Әрине, оған директорлық қыз­мет еткен Жаңақорғанның танымал сазгері, артында мол мұра қалдырған Нұрберген Тас­таевтың ықпалы болды. Мен де 2002 жылы мәдени деңгей қарыштап тұрған шақта «Ағылшын тілі пәнінің оқытушысы» болып қызметке кірістім. Жалындаған жастық жігерді қасиет­ті шаңырақтың өркендеуіне, шәкірттердің біліміне бағыттадым.

Іргелі істердің жарқын көрінісі

Талайдың сәуле шырағын жаққан кәсіби колледж биыл тіпті басқа. Бір жыл бұрын ғана басшылыққа келген ­Жомарт Абибуллаұлы колледждің жа­ңаруына жүйелі жұмыс жасады. Жастардың мәдени-тәрбиелік дамуы, сапалы білім алуынан бөлек, әрқайсысының әлеуметтік жағдайына қолдау білдіріп, студенттердің отбасына да біршама көмек көрсетілді. Колледж директорының өз  демеушілігімен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына жыл бойы үздіксіз материалдық көмектер көрсетілді. Ең маңыз­дысы сол, тұңғыш рет колледж қабырғасы түбегейлі күрделі жөндеу көріп, өзгеріске ұшырады. Білім үйінің ауласы абаттандырылып, жарқырай түсті. Бұрын-соңды ескі кейпімен танымал колледж бүгінде жарқырап, алыстан менмұндалайды. Тиісінше, замана жастарының да өз ауданымыз­да оқуға деген ынта-ықыласы мен талабы ерекше. Сапалы білімнің бір нышаны – оқуға қажетті құрал-жабдық десек, оқыту технологиясынан бөлек, құрылғылар жаңарып, заманауи талапқа негізделді.

Әлемді дүрліктірген пандемия кезінде «Тігін» мамандығының оқытушылары мен колледж әкімшілігінің ұтқыр ұйымдастыруымен бетперделер тігіліп, аудан халқының қажетіне жарады. Оны облыстық, республикалық БАҚ өкілдері арнайы келіп, насихаттады. Игі жұмысқа қазіргі Сенат депутаты  ­Ақмарал ­Әлназарова, облыс әкімі ­Гүлшара ­Әбдіқалықова және облыстық  білім басқармасының басшысы Ақзира ­Қасымова арнайы келіп, куә болды. Білім қабырғасындағы оң өзгерістерді бағалап, алдағы іске сәттілік тіледі.

Іскер басшының алдағы мақсаты да үлкен. Ал, оны бірлесіп жүзеге асыру біздің, колледж педагогтарының еңбегіне тікелей байланысты болмақ.

Мен шын мәнінде, осындай тағылымы мен тарихы мол кәсіпті оқытудың көкжиегіне қадам басқан Жаңақорған аграрлы-техникалық коллед­жінде жұмыс жасайтынымды мақтан етемін. Білім ұясы тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік үлес қоса береді деп сенемін.

Бейсенкүл СЕЙІЛОВА,

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<