Жүздікте жүйрік шыққандар

1742

0

Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруымен «ҚР колледждерінің топ – 100 студенті» республикалық жобасы басталды. Аталған жобаның республикалық іріктеу кезеңіне Қызылорда облысынан 17 үміткер өтініш білдіріп, ақтық сында 3 жеңімпаз жеңіс тұғырынан көрінді.

Аймақ абыройын асқақтатқан үш үздіктің екеуі М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттері   Бекзат Ешмұратов пен Айзат Сламбекова. Орайлы сәтті оңтайлы пайдаланып, жеңімпаздармен жүргізілген жедел сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Бекзат, Айзат, әңгіменің әлқиссасын айтулы жоба жайынан бастасақ…

Бекзат: – «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» деп аталатын республикалық бұл жоба техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білімі, тәрбиесі, өнері арқылы үздік атанған студенттерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған. Өткен жылы осы жобаға біздің оқу орнымыздан 3 студент қатысып, үшеуі де финалда жеңімпаз атанған еді. Биыл аға буын салған ізбен біз де бағымызды сынап көрдік. Жоба үш кезең  бойынша жүзеге асырылды. Бастапқы кезең өз оқу орнымызда яғни колледжде жүргізілді, сосын облыстық және республикалық кезеңнен өттік. Колледждегі іріктеу кезеңі белсенді, көшбасшы студенттер арасында өтіп, ортақ шешім бойынша Айзат екеуіміз облыстық кезеңге ұсынылдық.

Айзат: Жобаның облыстық кезеңі қыркүйек айының 16-30 аралығында өтті. Осы уақыт аралығында «ТОП-100» студенттің қатарына енуге үміткерлер тізімі жіберілу керек болатын. Белгіленген уақытқа дейін мінездемеміз жіберіліп, жобаға дайындық жұмысы басталып кетті. Ал облыстық іріктеу кезеңінен өткен 17 студент республикалық кезеңге жолдама алдық.

Жобаның ең тартысты тұсы жайында айтып берсеңіздер. Қатысушыларға қандай талап қойылды? Республикалық кезеңге дайындық жұмысы қалай өтті?

Бекзат: – Республикалық кезең қазан айында басталды. Жоба шарты бойынша өзімізді таныстыру мақсатында эссе мен 3 минуттан аспайтын видео дайындадық. Мен «Ұстаз болу – ұлылықтың айнасы» деген тақырыпта мұғалімдік мамандықтың қадір-қасиеті, қоғамда алар орны, ел болашағы үшін маңыздылығын қамтып эссе жаздым. Жалпы, болашақ мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғасын, оның үстіне қолға қалам ұстап, ақындықтың ауылына жақын жүргесін эссе жазып, шығармашылықпен айналысу қиынға соқпады. Ал видео дайындау барысында біраз креативті ойланып, жаңаша дүние жасауға талпындық. Бұл жоба менің  шығармашылығымды осы тұста дамыта түсті десем де болатын шығар.

Айзат: – Жобаның ережесіне сәйкес мен де «Менің болашағым – менің таңдауым!» тақырыбында мамандығым жайында эссе жаздым. Келешек «Ағылшынша білімі бар бастауыш білім беру мұғалімі» маманы боламын. Бастауыш сынып балаларымен жұмыс істеу, оның үстіне ағылшын білімі бар бастауыш сыныптарына сабақ беретін жас маман үшін жаңашылдық керек. Осы жағына көп мән беріп, эссе жазу барысында біраз іздендім. Ал видеоны дыбыстау, қамтылатын тақырып және айтылатын ой осының барлығы үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап ететін жұмыс. Дайындық барысы өте қызықты да, тартысты өтті. Соның нәтижесінде 7 қазанда  жұмысым сайтқа тіркелді.

Жеңімпазды анықтау сәті қалай жүзеге асырылды?

Бекзат: Республикалық кезең қазан айының 11-20 аралығында өтті. Жеңімпазды анықтау жобаның интернет ресурсында онлайн дауыс беру арқылы жүзеге асырылды. Содан соң сайтта аймақтық кезеңнің жеңімпаздары республикалық кезеңге қатысуға өтініш беру үшін арнайы платформа орналастырылып, онлайн дауыс беру жүргізілді.

Айзат: Онлайн дауыс беру нәтижесінде Қызылорда облысынан 17 үміткер қатысып, арасынан 3 қатысушы «ҚР колледждерінің ТОП  – 100 студенті» қатарына кіруге лайық деп танылды. Ал, жобаның салтанатты марапаттау сәті дәстүр бойынша желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында  өткізіледі деп жоспарлануда.

«Жеңімпаз»  болу сезімін қалай суреттер едіңіздер?

Айзат: Шынымды айтсам, оқу орнымыздан бұл жобаға  қатысып отырған алғашқы  қатысушы емеспіз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өткен жылы 3 қатысушы қатысып, үшеуі де жеңіс тұғырынан көрінген. Осы жағынан қарағанда, бізге үлкен жауапкершілік артылды. Сол нәтижені қайталай аламыз ба деген секілді аздап қорқыныш болғаны жасырын емес. Алайда, біз үздік жүздіктің қатарынан көріндік. Естіген сәттегі қуаныш сезімі бөлек дүние.

Бекзат: Әрине, озаттар сапынан көріну, сол тізімге ену үлкен қуаныш. Бұл жерде жеңімпаз жалғыз болғанмен, еңбек ортақ. Осы жеңістің артында оқу орнымыз берген тәрбие, ұстаздар берген сапалы білім және біз үшін тақымын қысып отырған ата-ана мен дос-бауырдың қолдауы тұр. Шын жүректен алдымен колледждегі ұстаздарыма, достарыма және үздіксіз қолдау үшін ата-анама рақметімді айтқым келеді.

Сұқбаттасқан: Назерке БАЙДІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<