Еріктілер қозғалысының жаңа деңгейі

6

0

Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылды БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Орнықты даму жолында Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялады. Осыған орай өңірде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бастамаларды кеңінен таныстыру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Ұлттық волонтерлік фронт-офис» жобасына арналған брифинг өтті. Жиында жауапты сала өкілдері еріктілер қозғалысының қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарларын жан-жақты баяндады.

Брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Уәлихан Ибраев өңірде волонтерлік қозғалыс жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

‒ Бүгінде облыста волонтерлік қызмет нақты құрылымға ие болды. Облыстық волонтерлер фронт-офисі мен Жастар ресурстық орталықтары жанындағы фронт-офистер арқылы еріктілердің бастамаларын қолдап, олардың жұмысын үйлестіріп отырмыз. Бұл – қоғамдағы азаматтық белсенділікті арттырудың маңызды тетігі, – деді ол.

Спикердің айтуынша, бүгінде Қызылорда облысында мыңнан астам волонтер, 30-ға жуық волонтерлік топ белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олардың қатарында «Ассамблея жастары» қозғалысының өкілдері де бар. Өңірдегі «Волонтеры Кызылорды», «Сыр волонтерлері», «Ашық жүрек» волонтерлер лигасы, «Жалын» штабы, «Қармақшы Демеу», «Жаңарған Жаңақорған жастары» секілді ұйымдар мен бастамашыл топтар қоғам игілігі жолында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.

«Ұлттық волонтерлік желі» фронт-кеңсесінің басшысы Айбек Досымбетов өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталды.

‒ Бұл – еріктілер қозғалысын бір орталықтан үйлестіруге бағытталған жаңа модель. Біз өңірлердегі бастамаларды біріктіріп, тәжірибе алмасуға, тиімді жобаларды масштабтауға мүмкіндік береміз. Қызылорда облысы бұл бағытта белсенді өңірлердің бірі, – деді ол. ‒ Сондай-ақ «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem», «Úmit», «Saýlyq», «Ayala» бағыттары аясында азаматтық қоғамды дамытуға арналған түрлі бастамалар іске асырылып келеді. Еріктілер қозғалысына кәсіпорындар мен жеке компаниялар да белсенді түрде қосылып отыр. Корпоративтік волонтерлік, күміс волонтерлік және автоволонтерлік бағыттарда 100-ге жуық азамат еңбек етуде.

Жастар арасында да бұл бастама кең қолдау тапты. Облыстағы үш жоғары оқу орны мен колледждерде волонтерлік қызметке қызығушылық артып, студенттердің қоғамдық жұмыстарға қатысуы көбейген. Сарапшы Елена Амреева волонтерлік қызметтің сапалық дамуына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

‒ Қазіргі кезде волонтерлік тек көмек көрсету ғана емес, бұл – кәсіби дағды мен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды институт. Сондықтан біз оқыту, әдістемелік қолдау және зерттеу жұмыстарын қатар дамытуымыз қажет, – деді ол. ‒ Жыл басынан бері облыстық волонтерлер фронт-офисі 20-дан астам іс-шара өткізіп, 600-ден астам еріктіні қамтыған. Биыл жергілікті бюджет есебінен халықаралық және республикалық деңгейдегі екі ірі шараны ұйымдастыруға 10 млн теңге бөлінген. Атап айтқанда, тамыз айында республикалық волонтерлер слеті өтеді. Бұл шара жастар мен еріктілерге тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды талқылауға мүмкіндік береді.

Ал қазан айында халықаралық «Green Aral: Volunteers for Life» еріктілер апталығы ұйымдастырылып, Арал өңірінің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Спикерлер «Ұлттық волонтерлік фронт-офис» жобасы еріктілер қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, қоғамдағы белсенді азаматтардың әлеуетін арттыруға серпін беретінін атап өтті.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»