Құрылтай

Ертеден қалыптасқан еңбек дәстүрі

13

0

Шиелі ауданында жылдың алғашқы алты айында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасып, өңірдің өндірістік, инвестициялық және аграрлық әлеуетін арттыруға үлес қосты.  Бюджет кірістерінің ұлғаюы, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағыттарында нәтиже бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Айтбай Жандарбеков атап өтті.

– Жыл басынан бері ауданның өз кірістерін ұлғайту бағытында да айтарлықтай жұмыс атқа­рыл­ды. Кейінгі үш жылдағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, ауданның өз кірісі тұрақты өсіп келе жатқанын аңғаруға болады. Бұл қаражат, ең ал­ды­мен, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, әлеу­меттік мәселелерді шешуге және инфрақұрылымды дамытуға бағытталуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, салық түсімдерін көбейту мақсатында арнайы жұ­мысшы топтары құрылып, кірістерді арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі былтырғы сәйкес кезеңмен салыс­тырғанда 105,1 пайызға орындалды. Аудан эконо­микасына 37 млрд 484 млн теңге инвестиция тартылды. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 37 753 шаршы метрге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,5 пайыз болды. Бөлшек сауда көлемі де өсім көрсетіп, алғашқы алты айда 6 млрд 971 млн теңгеге жетті.

Бұл көрсеткіштердің барлығы аудан эконо­микасының бірнеше бағытта қатар дамып келе жатқанын аңғартады. Өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу саласының дамуы, құрылыс қарқынының артуы, тұрғын үй көлемінің ұлғаюы және сауда айналымының сақталуы – экономикалық белсенділіктің негізгі индикаторлары.

Ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріліп отыр. 2025-2030 жылдары іске асыру жоспарланған жалпыұлттық және өңірлік инвестициялық жобалар пулына ауданнан 18 ірі жоба енгізілген. Бұл жобалар аясында 1024 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өткен жылы 18 млрд теңгеге алты жоба іске қосылды. Олардың қатарында «Тесис», «Transshipment 1», «Эко Энерджи Плюс» серіктестіктері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік жобалар, биыл құрылысы жалғасатын және іске қосылуы жоспарланған тағы 6 жоба бар. Оларды жүзеге асыру барысында ауданға 51,4 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Сонымен бірге, бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын 89 жоба әзірленіп, олардың жоба-сметалық құжаттары дайындалған. Олар рес­публикалық және жергілікті бюджеттердің мүм­кіндігіне қарай кезең-кезеңімен іске асырылмақ.

Инвестициялық жобалардың көбеюі – ауданның өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа кәсіптердің пайда болуына және салық базасының кеңеюіне мүмкіндік береді. Алғашқы алты айда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 5747, іс бастаушылар мемлекеттік бағдарлама­лар аясында 40 жобаға шағын несие алды.

Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қалпына келтіру және халықтың табысын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында ауданда жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілуде. Бүгінгі күнге дейін 492 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1021-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік қолдау шаралары да назардан қалған емес. Аз қамтылған 124 отбасының 669 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек берілген.

Шиелі – ежелден ауыл шаруашылығы дамыған, еңбек дәстүрі қалыптасқан аудан. Бірінші жарты­жылдықта ауыл шаруашылығы саласындағы өнім 105,1 пайыздық өсімді көрсетті.

Мал шаруашылығында да бірқатар оң көрсеткіш бар. Аудандағы ірі қара саны 85734, қой мен ешкі 130061, түйе 1842, жылқы 29151 басқа жетті.

Ауыл шаруашылығын тиімді жүргізудің маңызды бағытының бірі – пайдаланылмай жатқан жерді қайта айналымға енгізу. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 41960 гектар жер қайта айналымға енгізілді. Жоспар 41100 гектар болғанын ескерсек, көрсеткіш 102 пайызға орындалған.

Биыл 32515 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 4326 гектарға дәнді, 1150 гектарға майлы, 10388 гектарға малазықтық, 5051 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары орналастырылды.

Қазіргі су тапшылығы кезінде егін шаруашылы­ғын әртараптандырудың маңызы артып отыр. Осыған байланысты суды аз қажет ететін дақылдарды көбейту және заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жеке шаруашылықтардың қаражаты есебінен тамшылатып суару әдісімен 1000 гектар, жаңбырлатып суару технологиясымен тағы 1000 гектар жүгері егілді. Сонымен бірге 1623 гектар бидай, 60 гектар сүрлемдік жүгері, 120 гектар жемдік асқабақ орналастырылды.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жерді лазерлік тегістеу жұмыстары да қарқын алған, 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»