ЕР АЙНАСЫ – ЕҢБЕГІ

1784

0

 Өткен жылы облыс әкімдігі мен мәслихат және «Нұр Отан» партиясының  облыстық филиалы, оған қоса қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар аймақ бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығы» ретінде жарияланды. Өңірде кәсіпкерлер үйі ашылып, былтырдың өзінде мыңнан астам жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған азаматтар 4,3 млрд  теңге несие алды. Нәтижесінде мыңнан астам жоба іске асырылып, 1500-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылған.

Жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен кеңесте шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін өз жұмысын енді бастаған үздік кәсіпкерлер марапатталып, оларға 1 млн теңгеден сыйақы берілген болатын. Кеңес қорытындысы бойынша кәсіпкерлерден бөлек, осы саланы дамытуға жауапты азаматтар мен ауыл әкімдеріне, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне арнайы марапат табысталды. Миллион алған 8 үздік кәсіпкер  қатарында жалағаштық Мирбек Әміров те бар.

2012 жылы Жалағаш ауданында «Қазақстан Рес­­пуб­ликасының ин­дустриялық-ин­но­вациялық дамуы» жө­­нін­дегі мемлекеттік бағдар­ламасы аясында «Серпін» индустриалды аймағы құрылғаны белгілі. Аудан орталығының батыс бөлігінен 22 гектар жер телімі белгіленіп, бүгінде жалпы құны 91 миллион теңгені құрайтын 4 жоба жұмысын бастап кеткен. Соның бірі – «СержанГазСтрой» ЖШС-ның темір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехы.

Жалпы құны 10 млн теңгені құрайтын жобаны жү­зе­ге асыру үшін Мирбек Әміровке былтыр 0,3 гектар жер табыс­талыпты. Қазіргі таңда негізгі ғимаратының құрылысы аяқ­талып, қондырғыларын ор­натқан серіктестік өз жұ­мысын бастап кеткен. «Өңір­лік инвестициялық орта­лығы» арқылы несие құжат­тарын рәсімдеген азамат аталған цехты іске қосты. Төрт адам тұрақты жұмыс тапқан, жобаның келешегі зор.

– Кәсіпкерлерге деген қамқорлық мені қуан­тады. Мемлекет қаржылай жағынан қолдады, мамандардан кеңес алдық. Әрдайым сенім білдірді. Аймақ басшысының жылы лебізін естіп, сый-құрметке лайық болдық.  Қазіргі таңда цехқа жаңа станоктар алып, алдағы уақытта жұмыс көлемін ұлғайту басты орында тұр. Өзге де жоспарлар бар, оны уақыттың еншісіне қалдырайық. Басты ниет – кәсібім алға басып, халыққа пайдам тиіп, адал еңбегім сіңсе болғаны, – дейді жалағаштық кәсіпкер.

Кентте дәнекерлеу цехын ашып, кәсіпкерлікті бастаған Мирбек 2015 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында аудан орталығынан 50 орындық «Ақ Балжан» жеке балабақшасын да ашқан. Қазірде балабақшада 19 адам, ал біз айтқан цехта 4 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жеке кәсіпкер аудан бойынша өткізілген қайырымдылық шараларына да белсене қатысады.

Айта кету керек, аймақ басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы үш маңызды мәселенің шешімі оңай табылатынын ұдайы айтумен келеді. Соның біріншісі – салық базасының ұлғаюы болса, екіншісі – жаңа жұмыс көзінің ашылуы, үшіншіден – елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың жақсаруы.

– Біз өткен жылы жалпы бюджеті 32 млрд теңге болатын арнайы «Жол картасын» әзірледік. Бұл қаражаттың 3 млрд теңгеден астам бө­лігін «Стартап» жобаларына бағыттағанбыз. Ал биыл әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд теңге қарастырдық. Сонымен бірге, қайтарымсыз гранттар, шағын несие мен оны алудағы қадамдық іс-әрекеттерді, типтік бизнес жоспарларды әзірлеп, жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейден жауапты лауазымды тұлғаларды бекіттік. Осы қабылданған және алдағы уақыт­тағы шаралардың бар­лығы өңір бизнесінің дамытуға қолайлы жағдай туғызады деп ойлаймын. Бірақ кәсіп­керлерден жұмысты одан әрі жандандыруды күтеміз, – деді облыс әкімі осы кеңесте сөйлеген сөзінде.

 Аймақ басшысының қол­дауына ие болған кәсіпкерлер қауы­мының пікірі де осындай. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуметтік ахуалды тұрақты ұстауға септігін тигізері сөзсіз дейді олар. 

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<