Әке жолын қуған қыз

1916

1

     Арманы асқақ Айгүл мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әке жолын жалғап, терапевт дәрігер болсам деп алдына биік мақсат қойды. Табиғатынан ұяң қыз асыл арманың ешкімге тіс жарып айтпады. Оның әкесі Жанарыстан Құлмағамбетов кезінде Қазалыдағы теміржол ауруханасында терапия бөлімінің меңгерушісі болған білікті дәрігер еді.

Айгүл Құлмағамбетова 1998 жылы Әйтеке би кентіндегі С.Сейфуллин атындағы №165 мектепті бітірді. Арман қуып Семейге аттанды. Қабылдау емтиханнан сүрінбей өтіп, осындағы мемлекеттік медицина институтының «емдеу ісі» факультетіне түсті. Мектепте үздік оқыған Айгүл озат студенттердің қатарында болып, болашақ мамандығының қыры мен сырын игеруге бар ынтасын салып оқыды. 2005 жылы диплом алған жас маман Қазалыдағы теміржол аурухана емханасына учаскелік дәрігер болып қабылданды.                                                         

Жұмысқа үлкен құлшыныспен кіріскен Айгүл көп ұзамай өзінің нағыз маман екенін көрсете білді. Өзіне бекітілген учаскесіндегі атқаратын жұмыстарын бір қалыпқа түсірді. Атап айтқанда диспансерлік науқастардың, теміржол жұмысшыларын және олардың отбасыларының денсаулығын күту, әртүрлі инфекцияларға, туберкулезге, вирусты гепатитке қарсы алдын алу жұмыстарын асқан сауаттылықпен жүргізе білді. Ең бастысы жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында санитарлық-ағарту, үгіт-насихат жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізуі өз нәтижесін берді. Учаскесіндегі өлім көрсеткіші азайды, оның ішінде ана өлімі, қан айналымының ауршандығы, ересектер мен балалар арасындағы диспансерлік науқастың есебі күрт азайды. Осындай күнделікті жұмыс барысында өзі де медициналық манипуляциаларды жетік меңгеріп алды.

Үздіксіз ізденісітегі жас маман бұған қоса 2010 жылы Семей қаласындағы мемлекеттік медицина университетінің ұдайы мамандық біліктілігін көтеру орталығында 6 ай оқып, кардиолог мамандығын игерді. Учаскесіндегі екі мыңға жуық халыққа медициналық қызметті мінсіз көрсеткені үшін 2015 жылы дәрігерге ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.                                                                                                                 

2019 жылдың шілде айынан бері Айгүл Құлмағамбетова емхана бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Нақты кезеңде теміржол емханасы бір мезгілде 400-450 адам қабылдай алады. Ал емханаға тіркелген халық саны – 20650 адам. Айгүл басшылық жасайтын бөлімінің негізгі міндеті – Қазалы ауданының тұрғындарына және Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарында тұратын теміржолшыларға, сондай-ақ, олардың отбасыларына, теміржол саласының зейнеткерлеріне көпсалалы мамандандандырылған алғашқы – санитарлық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсету. Айгүл Құлмағамбетованың айтуынша, келушілер науқасының сипатына байланысты дәрігер бақылауына алынып, емдеу курсынан өтеді. Бұл үшін емхана жанында 15 орындық стационар,  яғни күндізгі аурухана бар. Қажет болған жағдайда ауруханаға орналастыру мәселесі шешіледі.

– Біздің емханада халықтың денсаулығын сақтау және емдеуді басты парызымыз деп санайтың тәжірибелі дәрігерлер көптеп саналады. Бәрін бірдей атап өту әрине мүмкін емес. Мәселен, хирург Жолдас Елеуов, лор Қуаныш Тоқтаболатұлы, окулист Берік Жадырасын, уролог Ерболат Жасанов, онколог Гүлфариза Жақсылықоваға қаралушылардың алғысы зор. Терапевт, хирург, гинеколог, лор, рентгенолог, онколог, окулист, кардиолог, пульмонолог, эндокринолог мамандар, сондай-ақ, лаборатория, физиотерапиялық, ЭКГ,ФГДС, УЗИ, ЭЭГ, маммографиялық, рентген, стоматология кабинеттері халыққа медициналық қызмет көрсетеді., – дейді ол.

Емхана бөлімінің меңгерушісі Айгүл Жанарыстанқызының отбасында кейінгі жастарға үлгі етуге болады. Ақ желеңді абзал жан жауапты қызметте жүрсе де төрт баласы бар  ардақты ана, өмірлік серігі Нұрболат Қалниязов  ШЧ-40 теміржол мекемесінде аға электр механик болып еңбек етеді. Жас та болса емхана бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып жүрген кардиолог дәрігер Айгүл Құлмағамбетова ұжымымен бірге кәсіби мерекесін лайықты қарсы алып отыр.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<