Құрылтай

Үш әйел алған блогер отбасын асырауға ақша жетпейтінін айтып желіде сынға қалды

46

0

Фото: Фото: instagram/bakytzhanuly.bauyrzhan

Қазақстандық Бауыржан Бақытжанұлы әлеуметтік желіде көпәйелді отбасы туралы жазбаларымен тағы да көпшіліктің назарын аударды. Instagram парақшасында үш әйелімен және тоғыз баласымен бірге тұратын ер адам бұл жолы отбасының бүгінгі тұрмысы, көпәйелділікке қалай келгені және қоғам пікіріне көзқарасы туралы ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Екінші әйелді алуды алғаш болып жұбайым ұсынды»

Бауыржанның айтуынша, бұрын көпбалалы әрі көпәйелді отбасы болудың қиындықтарын толық сезінбеген. Алайда уақыт өте келе өмірге деген көзқарасы өзгеріп, ең үлкен мәселе қаржылық жағдай екенін түсінген.

«Біздің отбасы туралы ғана айтып отырмын, жалпылаудың қажеті жоқ. Әр отбасының өз қиындығы бар. Қазір көпәйелді өмірдегі ең үлкен қиындық – қаржының жетіспеуі. Бұрын оны онша сезінбедік. Соңғы бес-алты жыл эмоциямен, шытырман өмірдің әсерімен өтті. Қазір есейдік, өмірге саналырақ қарай бастадық. Сондықтан қазіргі ең үлкен мәселе – қаржының жетіспеуі», – деді Бауыржан Бақытжанұлы.

Бауыржан Бақытжанұлы көпәйелділікке қалай келгенін де алғаш рет егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, бұл шешім өзінен емес, бірінші әйелінен шыққан.

«2017 жыл еді. Мен сатушы болып жұмыс істедім. Күніне 4 мың теңге жалақы алатынмын. Уақытша үйде тұрдық: мен, Рабия, қызымыз және әжеміз. Бір күні кешке үйге келгенімде Рабия: «Бауыржан, тағы бір әйел алғың келмей ме?» деді. Міне, көпәйелділікке жол осылай басталды. Артыма қарап, бұл жолдың өте қиын болғанын түсінемін. Бірақ ештеңеге өкінбеймін», – деді ол.

«Бұл – біздің өміріміз және біздің таңдауымыз»

Блогер қоғамдағы түрлі пікірлерге қарамастан, отбасының өз таңдауымен өмір сүретінін айтты. Оның сөзінше, сырт көздің бағасынан бұрын отбасының бақыты маңызды.

«Басқалардың біз туралы не ойлайтыны бізге бәрібір. Біз ешкімнің үмітімен өмір сүрмейміз, ешкімге ұнауға тырыспаймыз. Бұл – біздің өміріміз, біздің жауапкершілігіміз және біздің таңдауымыз. Ең бастысы – біз бақыттымыз», – деді Бауыржан Бақытжанұлы.

Сонымен қатар блогер оқырмандарының сұрақтарына жауап беріп, отбасына қатысты кейбір мәліметтерді де бөлісті. Оның айтуынша, бірінші жұбайымен 14 жылдан бері, екінші жұбайымен 7 жылдан бері, ал үшінші жұбайымен 5 жылдан бері некеде тұрады.

Үш әйел алған блогер отбасын асырауға ақша жетпейтінін айтып желіде сынға қалды
Фото: Бауыржан Бақытжанұлының желіде постынан скрин

Сондай-ақ блогер тоғыз баласының есімдерін де жариялады. Оның балаларының аты-жөндері: Хажар, Марьям, Саад, Асия, Ибрахим, Абдуллах, Айша, Каусар және Аюб.

«Көпәйелділік жасырын болмауы керек»

Естеріңізде болса, осыған дейін белгілі блогер Айтуған Ғалымовтың да екінші рет үйленгенін ашық мойындаған жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу пікірталас тудырды. Осы оқиғадан кейін көпәйелді отбасымен танымал блогер Бауыржан Бақытжанұлының да бұл тақырыпқа қатысты видеолары желіде қайтадан кеңінен тарала бастады.

Бауыржан Бақытжанұлы бұл жолы көпәйелділікке қатысты өз ұстанымын айтып қана қоймай, Айтуған Ғалымовтың отбасына да қолдау білдірді.

Блогердің айтуынша, ер адам екінші рет үйленсе, бұл туралы бірінші әйелі де, туыстары да білуі тиіс. Оның пікірінше, жасырын неке дұрыс емес.

«Айтуғанның жағдайына қатысты пікір білдіргім келеді. Бұл кісіні жеке танымаймын. Бірақ құрмет білдіремін. Егер ер адам екінші әйел алса, бірінші жұбайы да, ата-анасы да, жақындары да білуі керек. Олар мұны жасырмай жария етті. Бұл – кейбір мұсылман бауырларымызға үлгі болатын жағдай. Өйткені екі отбасы бар болса да, бір әйелі екіншісін білмейтін, ата-анасы мен туыстарынан жасырып жүретіндер бар. Олай болмайды. Мен жасырын некені қолдамаймын. Мен дұрыс көпәйелділікті қолдаймын», – деді Бауыржан Бақытжанұлы.

«Тек нәпсіні ойлайсыңдар»

Алайда блогердің видеоларының астына жазылған пікірлердің басым бөлігі сынға толы болды. Көпшілік Қазақстанда көпәйелділік заңмен танылмайтынын айтып, мұндай өмір салтын әлеуметтік желіде жария түрде насихаттауға қарсы екенін жеткізді.

Желі қолданушыларының бірі алдымен көпәйелділіктің құқықтық жағына назар аударды.

«Егер дінді қозғамасақ, сіздің ресми жұбайыңыз қайсысы? Қазақстанда көпәйелділікке ресми түрде тыйым салынған. Неке және отбасы туралы кодекс бойынша мемлекет тек моногамды некені таниды. Сонда қалған екі әйелдің ешқандай құқықтық мәртебесі болмайтынына келісіп отырғаны ма?», деп жазған оқырман.

Сол пікірдің жалғасында ол мұндай қарым-қатынастың әйелдердің денсаулығына да әсер етуі мүмкін екенін сөз етті.

«Әр әйелдің өз микрофлорасы бар. Ал ер адам бұл жағдайда бактерияларды тасымалдаушыға айналады. Соның салдарынан әйелдердің денсаулығына кері әсер етіп, түрлі аурулардың пайда болу қаупі артады. Мұны әйелдеріңіз біле ме?» – деді желі қолданушысы.

Өзге желі қолданушылары да блогердің ұстанымына қарсылық білдіріп, түрлі пікір қалдырды.

«Көпәйелділікті насихаттаудың не қажеті бар?», «Қазақстанда көпәйелділікке рұқсат етілген бе?», «Рабияны тыңдамаған дұрыс еді, психотерапевтке барғаны жеңіл болар еді», «Меніңше, Рабия бар ауыртпалықтан шаршаған соң тұрмысты бөлісер адам іздеген сияқты», «Жиіркенішті», «Қыздардың өзін сыйламайтыны өкінішті», «Мұндайды оқыған сайын жүрегім айниды», «Ер адамдардың арманы төрт әйел алу ма? Жәннатты армандаудың орнына тек нәпсіні ойлайсыңдар», «Неге мұндайларды бақылауға алмайсыздар? Бізде көпәйелділікке тыйым салынған ғой, оны насихаттауға да болмайды», «МашаАлла» деп жазып жатқан пікірлерді оқу жиіркенішті. Бұл – көпәйелділік емес», – деп оқырмандар ашу-ызасын жеткізді.

«Жауапкершілік енгізілуі мүмкін»

Редакция көпәйелділікке қатысты заң талаптарын нақтылау үшін заңгер Нұрсұлтан Орынбековтен пікір сұрады. Оның айтуынша, қолданыстағы Конституция бойынша Қазақстанда мемлекет тек бір ғана ресми некені таниды.

«Жаңа Конституцияда Қазақстанда тек бір ғана ресми неке танылатыны нақты бекітілді. Ол – ер мен әйелдің мемлекеттік тіркеуден өткен некесі. Бұл дегеніміз діни неке немесе бірге тұру заңды неке болып саналмайды. Ал көпәйелділік Конституция қағидатына қайшы», – деді заңгер.

Заңгердің сөзінше, бүгінде көпәйелділік үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік көзделмегенімен, алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізілуі мүмкін.

«Қазір көпәйелділікке тыйым болғанымен, ол үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Бірақ Конституцияда бұл норманың бекітілуі – алғашқы қадам деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы қағиданы жүзеге асыру үшін заңдарға өзгерістер енгізіліп, нақты жауапкершілік белгіленуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселе әлі де заңнамалық деңгейде жалғасын табуы ықтимал», – деді Нұрсұлтан Орынбеков.

Сондай-ақ исламдағы көпәйелділік мәселесіне қатысты түсініктеме алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауал жолдады. Редакция басқармадан «бұлардың некесін қиған молдалар анықталып, жазаға тартыла ма?” деп сұрадық.