Антқа адал абзал жан

800

0

Дәл қазіргі таңда бүгінгі күннің батырлары жайлы айтқанда алдымен ақ халатты абзал жандар ойға оралады. Расында, олар ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жүр. Бар уақытын науқастармен өткізіп, 24 сағат жанынан табылып жүрген жылы жүрек жандардың еңбегі ерекше. Басты бәйгеге тігіп, өзіне жұғарын білсе де, қауіптен қашпай қайсарлық көрсетіп жүрген оларға қоғам қошеметтеп бас иуі керек.


Пандемия басталғалы ақ халатты абзал жандардың талай сұқбатын көрдік. Аурухана ішіндегі аураны сипаттағанда, басынан өткендерді баяндағанда жүрегің қарс айырылады. Жиырма төрт сағаттың тек төрт сағатын ұйқыға арнау, науқастарды бала секілді баптау, қас-қабағын бағу мамандығына адал жандардың ғана атқаратын ісі. Оның үстіне 4 айдан бері отбасына оралмау жүйкеге қанша жүк түсіретінін түсінсеңіз. Оңашада көз жасын да сығып алады-ау, бірақ ешкімге көрсетпейді. Себебі босаңсуға болмайды. Олар әскерилерден бір де кем емес.


Гиппократ антына адалдық танытып, індетпен күресте күш-жігерін аямай келе жатқан Гүлбану Ысқақова аурухана ішіндегі арпалыстың арасында жүр. Қазір ол карантинге байланысты фильтр бөлімінде жұмыс істеуде. Бұл бөлімнің мақсаты – қауіпті індет жұқтырғандарды анықтау, пневмонияға шалдыққандарға қатысты емдеу шараларын жүргізу. Яғни анализ қорытындысы шыққанша пациенттерге бақылау жүргізу кейіпкеріміздің міндеті. Ал диагнозы нақтыланып, инфекция бары анықталса, сырқат адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіледі.


Көпбейінді облыстық аурухана дәрігері Гүлбану Ысқақова коронавируспен күрестегі елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Мемлекеттік награда – оған деген қоғамның шынайы құрметі, ақжүрек алғысы. Әлбетте марапат мерей өсіреді. Алайда кейіпкеріміз мадаққа малданып немесе атақ үшін еңбек қылған жоқ. Ол мамандыққа адалдық танытып, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінді. Гүлбану отбасынан оқшауланып, ұзақ уақыттан бері өз шаңырағын, жақын-жуығын көрген жоқ. Кейіпкеріміз секілді онда қаншама маман бар. Халықты қауіпті дерттен құтқару үшін тәуекелге бас тіккендердің еңбегін біз бағалай білуіміз тиіс.


Қазір жаһан қауіпті кеселдің құрығына ілінді. Індет бізден де іргесін аулақ салған жоқ, айналып өтпеді. Қатерлі дерттің қиындығы әлі де басылмай тұр. Алайда біріккен халықтың, білікті мамандардың арқасында жағдай біраз саябырсыды. Қазір көңіл көншитін кез емес, алайда медет тұтатынымыз – ынтымағымыз. Біз бір болсақ, қай қиындықтың да бетін қайтарамыз, бірге еңсереміз. Тек ертеңге деген үмітті, абзал жандарға деген сенімді жоғалтпауымыз қажет.


Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<