Ақмарал Бақбергенова, аллерголог: Аллергия тұқым қуалайды

2604

0

Кейінгі жылдары аллергиялық аурулардың эпидемиясы кең таралуда. Әлем халқының 40 пайызы осындай аурулармен ауырады. Ал Қазақстан халқының 35 пайызы аллергиядан зардап шегеді екен. Әсіресе, өсімдіктердің гүлдеуінен болатын маусымдық аллергиясы күшейетіндер жиі кездеседі. Тіпті, халық арасында бұл аллергияның емі жоқ деген түсінік қалыптасқан. Осы жөнінде  аллерголог дәрігер Ақмарал Жұпарбайқызымен әңгімелескен болатынбыз.

– Сұрағымыздың басын қызылордалықтардан бастасақ. Өңір халқын аллергия жиі мазалай ма? Қай жастағылар көптеп келеді? 

– Қызылордалықтарда аллергия жиі кездеседі. Оның ішінде балалардың саны басым. Мәселен, маусымдық поллиноз бір жастан бастап кездескен жағдайлар да бар. Оған өңіріміздің шаңды, дауылды экологиялық аймақ болуы себеп болып отыр. Бұған енді әлеуметтік тұрмыстық жағдай мен тамақтану салтын қоссаңыз да болады.

– Түсінікті. Жалпы, бұрын аллергия туралы өте сирек еститінбіз. Бүгінде сәуір айынан бастап қара күзге дейін жалғасатын маусымдық проблемаға шағымданушылар саны көп. Оның кең таралуының себептері қандай?

– Бұл ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектің денеге кері әсерінен пайда болады. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде өсімдіктердің гүлдеуінен, шаң-тозаңнан пайда болатындары жиі ұшырасады. Маусымдық аллергия кезінде көз қызарады, қышиды, кейде тіпті қанталайды, мұрын бітеледі, түшкіреді, тамақ қышиды. Көпшілігі бұл белгілерді ағзасында паразит болуы мүмкін деп түсініп, емді кешіктіріп алып жатады. Ауыр түрлеріне демікпені жатқызамыз.

Аллергияның көбеюіне экологияның нашарлауы тікелей әсер етіп отыр. Сәбилер перзентханадан шықпай жатып аллергик болып жатыр. Оның – тұқым қуалайтын ауру екенін де айта кетуіміз керек. Мәселен, нәрестенің ата-әжесінде, ата-анасында жоқ, бірақ балада гендік маркерлары пайда болады, яғни аллергия осы баладан әрі қарай тұқым қуалай бастайды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл генетикалық өзгерістердің кесірінен иммунитет жұмысының бұзылуы. Кейбір иммундық жасушалардың жетіспеушілігінен иммундық жүйеде агрессия пайда болады. Осылайша, аллергия иммундық жүйенің агрессиялы түрде жұмыс істеуі деп тұжырым жасауымызға болады.

– Жалпы, бұл ауруды ұзақ уақыт емдейді және оған қомақты қаражат керек дегенді жиі естиміз. Шынында да солай ма?

– Маусымдық аллергияны бұрын қыс кезінде емдейтін болса, қазір жаңа инновациялық дәрілердің арқасында жыл мезгіліне қарамай емделуші келген сәттен емдеуді бастай береміз. Толық емдеу үшін 3-5 жыл аралығында уақыт керек. Қазір елімізде, облыста Еуропа мен Қазақстан препараттарын қолданамыз. Олардың бағасы да әртүрлі. Жыл бойы емделгісі келетіндерге бөлек нұсқаулық бойынша ем-шара тағайындауға болады. Әр науқастың жағдайын жіті бақылау қажет. Кейінгі уақытта емделушілер саны артып отыр. Оның ішінде Қызылорда облысында. Оған себеп адамдардың мұның тек медициналық жолмен емделетінін түсінгенінен деп ойлаймын.

– Қазір көп адам маусымдық аллергияны суық тиюмен шатастырып, дұрыс емделмей созып алатын сияқты…

– Иә, маусымдық аллергияның белгілері суық тию белгілеріне ұқсайды. Науқастың мұрнынан су ағу, түшкіру, жөтел секілді жағымсыз белгілер 7-10 күн сақталса, аллергологқа бару керек. Суық тиюден ерекшелігі – түшкірмес бұрын мұрынның қышуы, мұрыннан мөлдір шырыштың көп бөлінуі. Мұндай белгілер ЖРВИ-дың (жедел респираторлық вирустық инфекция) алғашқы күндерінде де болады. Бірақ респираторлық инфекция кезінде бірнеше күннен кейін мұрыннан аққан шырышты сұйықтық қоюланып, жасыл немесе сары түсті болады. Ал аллергия кезінде мұндай болмайды, сұйықтық мөлдір күйінде қала береді. Сондай-ақ ЖРВИ кезінде адам өзін әлсіз сезінеді, денесі ауырады, сүйегі қақсайды, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Аллергия кезінде адамның жалпы жағдайы нашарламайды. Негізі, тәжірибелі терапевт қан талдамасы арқылы адамда оның бар-жоқ екенін біледі.

– Аллергиктер өз бетінше әртүрлі ем қолданады. Тіпті бір-бірінен естіп «Дипроспан» салып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Біреу айтты екен деп «Дипроспан» салдыруға болмайды. Дәріханаларда рецептсіз берілетіндіктен ол қолжетімді, кез келген адам өзіне салдыра алады. Алайда оның салдары иммунитетті төмендетіп, онкологиялық ауруларға алып келуі және асқынулар тудыруы мүмкін. Сондай-ақ жүрек ауруларына, онкологиялық аурулар мен түрлі асқынуларға алып келеді.

Иә, «Дипроспан» қатты аллергия мен демікпеде көмектеседі. Бірақ зияны өте көп. Қант диабетін қоздырады, қан қысымын көтереді, ағзадан калий, кальций секілді минералдарды шығарып тастайды. Егер адамның жүрек қағысы дұрыс болмаса, оған қоса «Дипроспан» қабылдаса, соңы өкінішті жағдайға ұласуы мүмкін. Ал оны «Дипроспаннан» болды деп ешкім ойламайды. Қатерлі салдары көп болғандықтан, қолдануға кеңес бермеймін. Оның орнына ағзадан 2-3 күнде шығып кететін басқа дәрілерді қолдану керек. Көзге, мұрынға тамызатын гормонды дәрілер қанға сіңбейді, сондықтан ағзаның жұмысына да кері әсер етпейді.

Аллергияны өз бетіңізше дәріханадан сатып алған дәрімен емдей алмайсыз. Дәріханаларда көбінесе өтпей жатқан дәрілерді ұсынады. Мәселен, біз өз тәжірибемізде «Супрастин» мен «Тавегилдың» тек жедел түрде көмектесетін ампулалық түрлерін ғана қолданамыз. Бұлардың бәрі бірінші буындағы дәрілер, ал біз аллергияны емдеу үшін адам ағзасына зиян келтірмейтін екінші буындағы дәрілерді қолданамыз.

– Аллергиядан түбегейлі айығуға бола ма?

– 3-5 жыл аралығында емдеп шығуға болатынын жоғарыда айтып өттім. Алайда адам қатты стреске ұшыраса, тұмауратып ауырса, қайтадан шығуы мүмкін. Біз науқастарды жеңіл түріне ауыстыруға қолдан келгенше көмектесеміз. Алайда құлан-таза айығып кету үшін Астана мен Алматы сияқты қалалардағы ірі орталықтарға барып ем алу керек. Мұндағы ең басты мәселе – уақытында мамандарға келіп кеңес алу.

– Түсінгенім, кез келген адам аллергик болуы мүмкін. Десе де, алдын алуға бола ма?

– Кейінгі жылдары маусымдық түрі балалар арасында да кең тарала бастады. Оған біздің ауа райы да әсер етеді. Қазақстанның ауа райы құрғақ, дала шөптері көп, жиі жел тұрады. Әсіресе, біздің Қызылорда өңірінде. Шаң-тозаң желмен әжептәуір жерге таралады. Сондықтан балаларды жастайынан спортқа баулып, дұрыс тамақтандырып, тазалыққа үйрету керек. Ол иммунитеттің дұрыс жұмыс істеуіне жақсы әсер етеді. Спортпен шұғылданатындардың арасында аллергиктер жоқ деп айта алмаймын. Олардың арасында да бар. Өйткені спортшыларда стресс, уайым көп. Сондықтан балаларды жастайынан стреске төзімділікке үйреткен дұрыс.

Ал маусымдық аллергияның алдын алу үшін дәрігерге уақытылы бару керек. Адам өзінде бұл ауру бар екенін білмесе, терапевтке немесе педиатрға қаралып, диагноз расталса, аллерголог-иммунологқа жүгіну керек.

Стреске көп түсетін, жүйкесі тозған адамдар қышыну, экземаға жиі тап болады. Сондықтан болмашы нәрсені уайымдап, ұсақ-түйекке күйгелектенбеген дұрыс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<