Ауырмаудың жолы қайсы?

1124

0

Қазір емханаға күніне 250-ден астам қоңырау түсуде.

Шағымданушылардың басым көпшілігінде дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, буындары сырқырап, әлсіздік байқалған. Ыстығы жоғарылап, іші өтіп, тамағы ісіп, жөтелген балаларға да дәрігерлер ем-дом жасауда. Емхана мамандары шамасы келгенше қызмет көрсетіп жатыр.

Жұмыс режимі қауырт. Дегенмен, ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізденген артық етпейді.
Жан-жағын жайпап, жан алқымнан алып тұрған тәжтажалдың алдын алу маңызды. Ескеретін нәрсе, жабық, желдетілмейтін, күн сәулесі түспейтін, адам көп шоғырланған жерлерде аурудың жұғу қаупі жоғары. Сол себепті аурудың алдын алып, жұқтырмау мүмкіндігін қарастырыңыз.

Майлы тағамнан гөрі жылы сұйықтықты (су, сорпа, шәй, компот) көптеп ішу керек. Мұрынды физерітіндімен күніне 3 рет, тамақты фурациллинмен күніне 6-7 рет шаю қажет. Науқасты қарағаннан кейін емді дәрігер тағайындағаны жөн.
Коронавирус алдымен өкпені зақымдайтын болғандықтан асқынса, пневмонияға әкеп соғады. Аурудың алдын алу үшін мынадай шаралар қабылдаған дұрыс:

үйді үнемі желдетіп отыру және таза ұстау;

таза ауада серуендеп, қалыпты дене қозғалысын сақтау;

массаж, дене шынықтыру, су процедуралары сияқты иммунитетті нығайтатын шараларға көңіл бөлу;

салауатты өмір салтын ұстану;

бойды үнемі жылы ұстау;

тыныс алу органдарының созылмалы ауруларынан уақытылы емделу.


Коронавирус симптомдары өткір респираторлық инфекция мен тұмау белгілеріне ұқсайды. Бірақ көптеген жағдайда бұл кәдімгі респираторлық жұқпаның симптомдары болуы әбден мүмкін:

түшкіру;

әлсіздік;

бас ауру;

дене қызуының көтерілуі;

тамақтың жыбырлауы;

кеуде қуысының ауыруы;

жүрек қағысының жиілеуі;

тыныс алудың жиілеуі.


COVID-2019 вирусы екі түрлі жолмен таралады: жөтелгенде, түшкіргенде, ауру адаммен сөйлескенде ауа арқылы және тұрмыстық заттар арқылы. Сол себепті, ең алдымен, әр адам санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауы тиіс.

Көпшілік тамақтанатын жерлерге, қоғамдық орындарға, базарларға барудан бас тартқан жөн. Қолды жиі сабындап жуыңыз, арнайы антисептикалық құралдарды пайдаланыңыз. Үйіңізді (жұмыс орныңызды) таза ұстауға тырысыңыз. Сумен жиі жуып, ауаны тазартып отырыңыз. Түшкіргенде, жөтелген кезде мұрныңыз бен аузыңызды бір реттік сулықтармен жабыңыз. Ортақ тұрмыстық құралдарды пайдаланбаңыз. Осы күндері дұрыс тамақтанып, жеміс-көкөніс жеген дұрыс. Қоғамдық жерлерден тамақтанбай, үйдің тамағын жеу қажет.

Ал ауырған адам үй жағдайындағы карантинде болғанда дәрігердің талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Ешқайда шығуға болмайды. Гигиеналық талаптарды сақтап, бетперде киіп жүрсе, жеке ыдыс-аяқ пайдаланса, қолын сабынмен жуып, зарарсыздандыратын құралдарды қолданса, бөлменің ауасын жиі жаңартып отырса, вирусты отбасы мүшелеріне жұқтыру қаупі төмендейді.

Карантин 14 күнге созылады. Кейін пациенттер емхана дәрігерлерінің бақылауында болады. Сондықтан сақтанайық!


Г.МАҚСҰТОВА,

№3 Қызылорда қалалық

емханасының бас дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<