Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік!

930

0

Бүгінде пандемияның таралуы елімізде жиілеп, COVID-19-ды және вирустық пневмонияны ауыздықтау үшін медицина қызметкерлері аянбай еңбек етуде. Әрбір денсаулық сақшысы өміріне қатер төнгеніне қарамастан індетпен күресте жауапкершілік сезінуде.

Қазіргі таңда ахуал күрделеніп, науқастардың өмірін сақтап қалу мақсатында дәрігерлер барын салуда. Күнделікті жұмыс барысында ел-жұртымыз үшін ауыр сын болып отырған қауіпті індетпен күресте ауызбіршілік танытып келеміз. Қазіргі күрделі кезеңге байланысты тұрғындар бір-біріне жанаршылық танытуы тиіс. Тәулік бойы жан алысып, жан беріскен медицина қызметкерлері барлық адамның денсаулығына алаңдаулы.

Аудандық аурухананың провизорлық бөлімшесінде COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастардың денсаулығы жіті бақылауда. Провизорлық бөлімше ашылғаннан бері медицина қызметкерлері үздіксіз жұмыс процесіне көшті. Медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің арқасында дертінен сауыққан адамдар аман-есен отбасына оралуда.

Хәкім Абай «…ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес, – деп нанып, ұқсаң болар», дейді жиырма сегізінші қара сөзінде. Сондықтан, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік» дегім келеді. Індеттің қауіптілігін ескермей немқұрайлыққа бой алдыруға болмайды. Қатаң сақтық шарасына көңіл бөліп, өз денсаулығымыздың қорғаны бола білейік.

Дәрігерлердің мезгілсіз уақытта індетті ауыздықтауы – жанқиярлық ерлікпен пара-пар. Індетті жеңуге жұмылған дәрігер мен халықтың арасында түсіністік, сенім орын алғанда ғана қиындықты еңсереміз.

Ақмарал ӘБІШОВА,

 аудандық аурухананың «Провизор-2» бөлімшесінің аға мейірбикесі.

Тіршілік тынысы.кз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<