Балалардың бабын білген

781

0

Дәрігер болу –  жауапкершілігі жоғары әрі күрделі, сонымен бірге мәртебелі мамандық.  Сырқатына ем іздеген талайдың дертіне дауа дарытып, көңіліне демеу бола білген ізгілікті маман иелерін халық та ауыздарынан тастамай мақтап, «біздің сүйікті дәрігер» деп құрметтейтінін көріп жүрміз.

«Баламның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» дейтін ата-ана атаулы бауыр еті – баласы ауырса жаны қоса шырқырайтыны белгілі. Сондайда алдымен Алладан, сонан кейін дәрігерлерден дертімізге медет сұраймыз. Қиналғанын тек жылау арқылы ғана білдіретін кішкентайлардың дертін дәл анықтап, ем-дом жасау тек білікті маманның ғана қолынан келері анық. Міне, осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген маманның бірі – №3 қалалық емхананың дәрігерлік консультативтік комиссия төрайымы, педиатр Гүлнәр Битаева.

Ол еңбек жолын 1978 жылы Шиелі ауданы Тартоғай ауылында ауылдық ауруханада бастаған. Ол кезде Тартоғай – ауылдық округ болған және Сырдария ауданына қараған. 1998 жылдан бері қарай сол аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған. 27 жыл табан аудармастан ауылдық ауруханада еңбек еткен Гүлнәр Есенгелдіқызы халықтың алғысы мен ыстық ықыласына бөленіп, абыройлы болды. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған тәжірибелі маман өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Алдына келген емделушінің көңілін аулап, жылы сөзбен ем жасау әрбір ақ халаттының міндеті болуы тиіс деп санайды ол. Міне, содан кейін, жасалған ем-домның да нәтижесі жақсы болатынын айтады.

«Бұл салада өз мамандығын сүйетін адам ғана жұмыс жасауы тиіс. Себебі мамандыққа адалдық –  басты міндет. Жұмысты махаббатпен, тиянақты орындаған кезде ғана одан нәтиже болады» дейді балалардың бабын білетін дәрігер.

Ол 2014 жылдан бастап №3 қалалық емханада балалар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 2017 жылдан бері дәрігерлік консультативтік комиссия төрайымы қызметін атқаруда. Гүлнар Есенгілдіқызы майталман маман ғана емес, сонымен бірге отбасында сүйікті жар, балаларына ардақты ана, немерелерінің қамқор әжесі. Медицина күні қарсаңында Гүлнәр Есенгелдіқызын кәсіби мерекемен құттықтаймыз. Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз еселеніп, нәтижелі жұмысыңыз жемісін бере берсін.

 Барлыбек БАТЫР.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<