COVID-19: Төрт толқыннан өттік

383

0

Елімізде өткен тәулікте 1717 адамда коронавирус індеті ПТР талдау арқылы расталды. Соның ішінде  біздің облыста 14 науқас тіркелді.  Сала мамандары елде эпидемиологиялық ахуалдың  тұрақталғанын айтуда.

–    Қазіргі кезде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қол жетті. Тәулігіне 2 мыңға дейін жағдай тіркеліп отыр. Бұл өз кезегінде инфекцияның таралуына әсер етіп, 1 тамыздан бері салыстырғанда репродуктивті көрсеткіш 1,2 есеге төмендеді», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында. 

Оның айтуынша, эпидахуалдың тұрақтануы ауруханаға жатқызу деңгейінің төмендеуін көрсетті. Елде инфекциялық орындар 36 процентке, реанимациялық орындар 33 процентке жүктелген. Сондай-ақ, министр елде індет  жұқтырудың  төрт толқыны өткенін мәлімдеді.

– Қазақстан індет жұқтырудың төрт толқынынан өтті. Бұл өз кезегінде коронавирус инфекциясының жаңа штамдарының пайда болуына қатысты, – деді А.Цой.

Оның айтуынша, соңғы рет індет жұқтыру деңгейі артқан кезеңде тәулігіне 7 800 жағдай тіркелген.  Осы орайда ол қазіргі кезде Қазақстан коронавирустан «сары» аймақта тұрғанын айтты.

Белгілі болғандай, Қазақстанның өзі және еліміздің 6 өңірі (Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан) «сары» аймақта. «Жасыл» аймақта да 6 өңір (Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстары) тұр. Ал «қызылда» 5 аймақ   (Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары) орналасқан.

Айта кету керек, министрлік вирустың елге кірген жағдайы мен мутациялық өзгеруіне мониторингті қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде вирустарды генетикалық зерттеу жүргізуде. Министрдің айтуынша, 2020-2021 жылдары 1407 сынама зерттелген. Осының нәтижесінде наурызда «британдық» Alpha штамм, «оңтүстікафрикалық» Beta штамм, маусымда «үнділік» Delta штамм, тамызда «нигериялық» Eta штамм анықталған. «SARS-CoV-2 вирусының түрлі нұсқаларының таралуын анықтау мен мониторингтеу жұмыстары жалғасуда.

Індетті ауыздықтаудың жалғыз жолы вакциналау екені белгілі. Осы орайда 1 ақпаннан бастап егу науқаны жүргізілуде. Қазіргі уақытта республика азаматтарына «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V), «QazVac», «Hayat-Vax», «КоронаВак» және «Синофарм» сынды бес түрлі вакцина қолжетімді. 11 қазандағы мәлімет бойынша елде I компонентті 7 859 131 адам салдырса, II компонентті 6 901 313 адам алған.

– 11 қазандағы жағдай бойынша елде қамтылуы тиіс контингенттің 78 проценті немесе халық санының 41 проценті бірінші компонентпен егілді. Сонымен қатар, екінші компонентті вакцина алуы тиіс тұрғындардың 69 проценті салдырды, – деді А.Цой.

Оның сөзіне қарағанда, Pfizer компаниясының вакцинасы 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге рұқсат етілген жалғыз екпе болып тұр. Осыған байланысты министрлік Pfizer компаниясымен  жыл соңына дейін 4 млн доза вакцинаны жеткізу бойынша шартқа қол қойған.

Айта кетейік, енді вакцина алмағандар  жұмысқа жіберілмейді. Бұл туралы министрдің бұйрығы шықты. Нақтырақ айтқанда, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынуы (пневмония), менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек және скарлатина кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға» толықтырулар енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Құжат 17 қазаннан бастап күшіне енеді. Бұйрықта коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін күндізгі режимдегі жұмысқа тек COVID-19-ға қарсы вакцина алған қызметкерлер жіберілетіні айтылған. Ал вакцина алмағандар ПТР тестілеудің теріс қорытындысы немесе тұрақты медициналық қарсы көрсетілім, коронавируспен ауырып жазылғанына 3 ай толмағаны туралы медициналық анықтама болған жағдайда ғана жұмысқа жіберілмек.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<