ДӘРІ ҚОРЫ МЕН БАҒАСЫ қатаң бақылауда

1301

0

Дәріханалардағы баға мен дәрі қоры қатаң қадағалауда. Фармацевттер шаһарда өнімдердің тез таусылып жатқанын мойындайды, яғни қоймаларға дәрілер апта сайын келіп түсуде, бірақ сауда қызу. БАҚ өкілдері облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде құрылған арнайы мониторингтік топпен бірге кезекті бақылау шараларын жүргізген еді.

Біз қала орталығындағы 6 дәріханаға зерделеу жұмыс­тарымен бардық. Нәтижесінде тапшы дәрілердің мұнда да жоқтығы анықталып отыр. Мәселен, С.Торайғыров №180 көшесіндегі ЖК Зейнуллаева дәріханасының сөресінде С витамині, парацетамол, цефамед пен цеф III препараттары мүлде жоқ. Алайда, оның орнына анаферон, амизон, гроприносин, зитмак, суммамед, цефазолин, цефтаролин, оспамокс, амоксиклав пен анальгин секілді  аналогтар, ыстықты түсіретін, антибактериалды дәрілік заттар бар.

С.Торайғыров №59 мекен-жа­йында орналасқан «Ақ­маржан» серіктестігіне қажет­ті тауар келіп түскен. Мұнда арбидол, лавомакс, мегасеф, левомак антибиотиктері болды. Бірақ, бұл дәріханада  парацетамол мен аспирин жоқ. Парацетамол С.Торайғыров көшесіндегі «Ocean» гипермаркеті жанындағы дәріханада да болмады. Бұл дәріханада глюкоза, цефтриаксон, цефазолин, витамин С қоры жеткілікті болғанымен, цефамед, эуфилин мен дексаметазон препараттары тапшы.

Қорқыт ата мен М.Шоқай көше­лерінің қиылысындағы «Ansar» дәріханасында цефтриаксон, ципролет, метрид, зитмак, оспа­мокс, амоксиклав, цефазолин, цефамед, витамин С болды. Мониторингтік топтың өкілі Ләззат Бақтыбаеваның айтуынша, кеше қаладағы көптеген дәріхана қажетті қормен толықтырылды.

– Қазіргі таңда С витамині біз аралаған бірнеше дәріханаға келіп түскен. Бағаны негізсіз өсіру фактісі орын алмады. Тағы бір айта кететін жайт, халықтың басым бөлігі вирусқа дексаметазон ем деп ойлап жүр. Ол – гормондық дәрі. Оны тек дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану қажеттігін ескерген жөн, – дейді ол.

Мониторингтік топтың жұмысы 8 шілдеден бастап қарқын алғанын айту керек.  Құрамында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін ба­қылау департаменті, денсаулық сақтау, экономикалық тергеу де­партаменті мен кәсіпкерлік және туризм басқармалары, фар­мацевтикалық қызметті қолдау және дамыту ассоциациясы мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бар топ алдағы уақытта да бақылау жұмыстарына атсалыспақ.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<