Ден қойғанға ем қонады

537

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов ақпарат құралдары өкілдеріне коронавирусқа қарсы сақтық шаралары мен вакцинациялау барысы туралы ақпараттарды ұсынды.

Спикердің атап өткеніндей, өткен аптада өңіріміз эпиде­мио­логиялық ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты «сары аймаққа», енді. Індет жұқтырғандар саны артып, бүгінге дейін 4407 науқас тіркелсе, өткен тәулікте 35 адамнан инфекция анықталған.

Басқарма басшысы індет кү­шейген жағдайға дайындық дең­гейі жоғары екенін жеткізді. Инфек­циялық және провизорлық стационарларда 3200-ге жуық төсек-орын дайын. 518 орын орта­лықтандырылған оттегімен қам­тылған. Медициналық ұйымдар 686 оттегі концентраты, 251 ИВЛ, 8 компьютерлік томограф және 66 рентген аппаратымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 9 ПТР аппараты жұмысқа қосылып, тәулігіне 1100-ге дейін сынама алынуда. Қажеттілік туындаған жағдайда зерттеу санын 2 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталды.

Облыс бойынша «COVID-19» инфекциясына қарсы егу 1 ақпанда басталып, 10659 адамға егілген. Вакцинациялау жұмыстары қалалық №1, 3, 4, 5, 6 емханаларда, барлық аудандар мен Байқоңыр қаласында жүргізілуде.  Барлығы талапқа сай, температуралық ре­жимді қадағалайтын арнайы көлік­термен халық санына байланысты егу орындарына жеткізілуде. Қазіргі күні салынып жатқан вакцина ресейлік «Спутник V» болса, алдағы кезеңде  қазақстандық вакцина да жеткізіледі. Індеттен айығудың жалғыз жолы сақтық шараларын қатаң сақтау екенін жеткізген басқарма басшысы кеселді түбегейлі жеңу үшін  – вакцина салдыру екенін атап өтті.

– Екпе, әрине, ерікті түрде жүргізіледі. Дегенмен, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет­тігін әрбіріміз ұғынуға тиіспіз, – деді С.Пазылов. шілде айына дейін облыста 80 мыңдай тұрғын инфекцияға  қарсы  вакцина қабыл­дайды деген болжамын жеткізе отырып, халықты коронавирус инфекциясынан қорғану үшін екпе салдыруға шақырды.

Қазір медициналық ұйымдарда, халық арасында жұқпалы ауруларға қарсы вакцинацияның маңызы туралы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<