Екпе қауіпті еңсере ала ма?

1144

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

Күз, қыс, көктем мезгілі – түрлі жұқпалы аурудың белең алатын уақыты. Қазіргі кезде көріп отырғанымыздай, тұмау, жедел респираторлы вирусты инфекция мен қызылша қозып тұр.

Тұмау – жыл сайын көптеген елдерде эпидемиялық сипатта таралатын жаһандық инфекция. Тұмау және ЖРВИ – әлемнің басқа елдеріндегідей, біздің мемлекетімізде де денсаулық сақтау саласының өзекті мәселесінің бірі. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 2023-2024 жылғы жаңа эпидмаусымда жіті респираторлы вирусты инфекцияның 22 170 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың  67 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 10 пайызы 1 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Ауруханаға жатқызу көрсеткіші 5 пайызды құрайды.

– 2023-2024 жылғы эпидмаусымда жалпы облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 560 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен тұмаудың 21 жағдайы нақтыланды. Басым бөлігі, яғни 71,4 пайызы облыс орталығында тіркелді. Анықталған 21 тұмау вирусының 5 пайызы В штамына сәйкес келсе, қалған 95 пайызы А түрінің үлесінде. Тұмау емес вирусты анықтау мақсатында 560 сынама зерттеумен қамтылып, нәтижесінде 139 тұмау емес вирус анықталды, оның ішінде  парагрипп 12, РС 54, риновирус 29, аденовирус 44, – дейді басқарма басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Ал жыл басынан бері өңірде лабораториялық зерттеу нәтижесінде нақтыланған қызылша ауруының 1133  жағдайы тіркелген.  996-сы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталса, оның ішінде 252-сі 1 жасқа толмаған сәбилер арасында орын алған. Ересек тұрғындар арасынан 137 науқас тіркелген. 

– Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 68%-ын құрады, оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі 14,5%, егілетін жасқа жетпегендер үлесі 33,4%, вакцинадан бас тартқандар үлесі 51%, сондай-ақ,  негізсіз себептермен екпе алмай жүргендер көрсеткіші 1,1%-ды құрады. Бұдан бөлек, 124 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни  ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу дерегі орын алып отыр, – дейді Әлия Мүтәліпқызы.

Маманның айтуынша, ЖРВИ, қызылша аурулары бойынша жағдай біздің өңірде республиканың өзге аймақтарына қарағанда тұрақты. Бірақ күнделікті тіркеліп отырғандықтан алаңдауға негіз бар.

Осы орайда мамандар аты аталған жұқпалы аурулардың алдын алудың, одан сақтанудың бірден-бір жолы – екпе екенін айтады.

– Вирусқа қарсы иммундау науқаны жыл сайын күзде басталады.  Екпе аурудың ауыр түрлерін, ауруханаға түсу жағдайларын, өлім-жітімді төмендетеді, тұмауды жұқтырып алу қаупін сейілтеді, жалпы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға өз септігін тигізеді. Тұмаудың алдын алу үшін 84430 доза вакцина сатып алынды. Ал қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халық арасында ауруға қарсы вакциналау барысының әлсіреп, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Аурудан сақтанудың басты жолы ретінде  бүгінгі күні тиісті контингенттер арасында (6-10 ай 29 күндік, 2-4 жас және медициналық қызметкерлер) қосымша жаппай иммундау 6 қарашадан бастап жүргізілуде. Бүгінгі күні осы аталған контингенттер бойынша 5004 адам қызылшаға қарсы екпе алды. Иммундау шарасы әлі де жалғасып жатыр, – дейді Әлия Әбдіқайымова.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<