Ғұмырын алғыс арқалауға арнаған

990

0

Пенде шіркін жарық дүние есігін ашқаннан бастап онда ғұмыр атты кісілік кітаптың алғашқы сөздері жазыла бастайды. Оны Абай өзіне сауал еткендей жақсы өткізу де, жаман өткізу де тұлға таңдауына берілген. Тек ғұмырнамасы ғұмырдарияға айналған тұста толқын да, толқын сол ғұмырды өзі бағамдай, бағалай алса болғаны.

Біз өмір сүретін осы қоғамда қадірі артық екі мамандық бар десек, бірі – дәрігер! Ол бағаны мен емес, тұтас тіршілік бергендей. Біздің халық соның арасынан асыл қолдысы мен асыл жүректісін өзі айдарлап алған. Сондай жандардың бірі – биыл 70 жасқа толған дәрігер-терапевт, облыс медицинасының көрнекті ардагері Қалдыгүл Маматқызы Маматова. Дәрігердің жақсысы да – дәрігер, жаманы да – дәрігер. Қай-қайсысына да қойылатын ұлы талап бар, ол – шипа іздеп келген дерттіге дәру болу, о баста берген антына адал болу. Бүгінгі біздің кейіпкер Қалдыгүл Маматқызы өмірін алғыс арқалауға арнаған адам.

Семейдегі медициналық интернге оқуға қабылданған ол – тартысқа толы медицина жолынан айнымаған адам. 1976 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған дипломды дәрігер өңіріміздегі облыстық ауруханаға дәрігер-терапевт ретінде жолдама алады. Дәрмектің де, дәрігердің де қат кезі. Жетіспейтін мамандардың қызметін атқаруға облыстық ауруханадан аудандық ауруханаға берілген жолдамадан да бас тартпайды. Кеңес дәуірінде сұранысқа көп ие болған Шиелі аудандық теміржол ауруханасында басталған еңбек жолы 30 жылды орағыта шығады. Сонда жүріп үздіктердің үздігі атанып, түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болады. Сол кезеңде 2 ұл, 1 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, қиясына қанаттарын серметеді. Сөйтіп, теміржолшы жұбайының жолын қуған балаларының қызығына бөленіп, теміржолшылар династиясының отанасы атанады.

Талабы қатал дәрігер мамандығының дара жолы Қалдыгүл Маматқызын ешқашан шаршатқан емес. Зейнеттен кейінгі жылдары да өзін қажет еткен жерлерде еңбек етіп келеді. Облыстық теміржол ауруханасында ақылшы, дәрігер-ұстаз.

Көп жылғы еңбек атақ-даңққа бөледі. Соның арасындағы жанына ең жақыны – төтенше жағдай органдары ардагерлер ұйымының «Офицердің анасы» төсбелгісі. Қалай десек те, бейнет пен зейнетті қатар мойындатқан марапат қой.

70 жасқа келген дәрігерге 100-дің биігін тіледік. Ғасыр жасаған дәрігерлер қатарын толықтырып, дүрмек дүниенің бар бақытына жеткей!

Бауыржан Төлешұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<