Карантин шаралары жеңілдетілді

1124

0

Әлемде коронавирус індеті қайта өршуде. Қазір облыста тіркелген науқастар саны 3236-ға жетті. Әлі де барлық мүмкіндік жұмылдырылып, шектеу шаралары жалғасуда. Аймақтағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, шектеу шараларын, оның ішінде карантинді кезең кезеңімен жеңілдету туралы №24 қаулы қабылданды.


Өңірлік коммуникациялар қыз­ме­тінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пандемия кезіндегі жағ­дай мен алдағы жоспарларды атап өтті.


– Эпидмаусым басталғанда облыста барлығы 976 төсек-орын ұйымдастырылған болатын. Шілде айының басында стационарлар жүктемесінің артуына байланысты төсек-орын саны 2405-ке көбейді. Бүгінде барлығы 210 инфекциялық төсек-орын бар, жүктеме 9,5 про­центті құрауда. Жансақтау бөлі­мін­де ем алып жатқан науқастар жоқ. Алдағы күзгі науқанға қала, аудан­дардың барлығын қосқанда 3000 төсек-орын ұйымдастыруға мүмкіндігіміз бар. Дайындық жұ­мыс­тары шеңберінде модульдік ауру­хана салуды жоспарлап отыр­мыз, – деді Наурызбай Сейіт­қалиұлы.
Ал, қаулыдағы өзгерістерді облыстық бас мемлекеттік сани­тариялық дәрігері Динара Жаңабергенова атап өтті.
Аталған қаулы бойынша көпшілік іс-шараларын, отбасылық, салтанатты, мерекелік және басқа да адам көп жиналатын шараларды өткізуге тыйым әлі де сақталады. Оқушылар, мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясына тыйым салу да жалғасады. Сондай-ақ, сұлулық салондары, шаштараз, СПА және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар, фитнес, тренажер, спорттық-сауық­тыру орталықтары, облыс, аудан орталықтарындағы қоғамдық көліктің жұмысына белгіленген уақыт шектеулері алынып тасталды. Мұнан бөлек, жаңа қаулыда бірқатар өзгерістер бар.
Облыс әкімінің орынбасары сақтық шаралары сәл жеңілдегенге індет ошағы жойылғандай қарамау керегін баса айтты.


– Соңғы кезде карантинді жеңіл­детуден кейін кей адамдар маска кимей, шектеу талаптарын сақта­мауға көшті. Өткеннен сабақ алмай тұр­мыз, кешегі қиындықты тез ұмыта бастадық. Бұл – өте қауіпті. Бір адамнан бір ауыл түгелге жуық індет жұқтырғанын үнемі на­зарда ұстауымыз қажет. Саулық – сақ­тықта, – деді Наурызбай Байқадамов.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<