МӘМС-те мәселе көп

930

0

Көпбейінді облыстық аурухананың мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облысқа арнайы іс сапармен келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Сәбит Ахметовтың қатысуымен жиын өтті. Кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов және медицина ұйымдарының басшылары қатысты.

Бұған дейін бірнеше облыстарда болған басқарма төрағасы сапарының мақсатына тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.

– Мен Қордың басшысы болып тағайындалғаныма небәрі 4 ай болды. Сондықтан медициналық ұйымдардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін, ауылдан бастап ауданға дейін аралап, қандай мәселе барын көзбен көруді жөн көрдім. Барлық өңірлерде айтылған жайттардың 80 пайызы бірдей. Көбіне жұртшылықты сызықтық шкала мен кредиторлық берешек жағы толғандырады. Кредиторлық берешек бойынша қордаланған мәселе жетерлік. Бұл – МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін де медициналық ұйымдардың алдында тұрған ретроспективті мәселе. Бүгінгі таңда медициналық ұйымдардың берешегі 87 млрд теңгеден асады. Оның 25 млрд теңгеге жуығы – жыл сайынғы қордаланған қарыздар. Медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы жалақысының 4 жыл бойы 30 пайызға көбеюі – осы мәселенің себебі. Бұл жалақы қорына үлкен салмақ түсіреді. Кейбір медициналық ұйымдарда жалақы қоры шығындардың 90 пайызын құрайды. Бюджет қаржысы шексіз емес, біздің жоспарланған қаржыландырудан тыс қаражатты асыра орындауға және жұмсауға мүмкіндігіміз жоқ. Біз барлық жеткізушілерге өз жоспарларын қайта қарауды және қарызын жабу үшін қаражатты зиянсыз алуға болатын резервтерді іздеуді ұсынамыз. Қор өз тарапынан МӘМС шеңберінде қосымша қажеттілікке шамамен 60 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Жақын арада ақша филиалдарға жеткізіледі. Бірақ бұл проблеманы шешпейді. Сондықтан атқарушы органдардан медициналық ұйымдарды қолдауды және шығындардың бір бөлігін өз мойындарына алуды сұраймыз, – деді ол.

Мәселелердің ішінде Сәбит Ахметов медициналық ақпараттық жүйелердің бір-бірінен алшақтығы туралы айтты. Бұл дәрігердің жұмысын қиындатады және мониторинг сапасына әсер етеді. Қазіргі уақытта қордаланған түйіндер тарқатылуда.  Цифрландыру шеңберінде барлық 30 медициналық ақпараттық жүйенің деректері біріктірілетін бірыңғай деректер қоймасын құру жоспарлануда. Сонымен қатар, мониторинг жүйесіне жаңа тәсілдер қолданылатын болады.

Жиында медициналық сақтандыру жинақтарының тиімділігі мен көрсетілетін қызметтер сапасы, тарифтер туралы айтылып, басқарма төрағасы бас дәрігерлердің сұрақтары мен ұсыныс-пiкiрлерiне жауап берді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<