Мобильдік топтар қызмет көрсетуде

890

0

Аймақта  коронавирус індетімен күрес бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Фазылов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Соңғы дерек бойынша аймақта бүгінгі күнге дейін 1899 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде Қызылорда қаласыың үлес салмағы басым, облыс орталығында 966 адам ауруға шалдыққан. Одан кейін Жаңа­қорған, Шиелі, Сырдария, Қармақшы, Арал, Жалағаш, Қазалы аудандары тұр. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласында 542 жағдай тіркелген. Оның ішінде 236-сы – Қазақстан азаматтары.

Облыс аумағында эпиде­мио­логиялық маусымның алғашқы кезеңінде коронавирус инфекциясымен ауырғандарды және қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында барлығы 760 төсек-орын ашылды. Оның 215-і ин­фекциялық, 245-і провизорлық, 300-і ка­рантиндік болатын. Қазір аталған мақсатта барлығы 2410 төсек-орын ұйымдастырылған.

– Сыр өңірінде ауру таралған уақытта барлығы 76 өкпені жасанды желдету аппараты науқастарға қызмет көрсетті. Жұмыс барысында 12 аппарат істен шықты. Бүгінгі күні облыс бойынша ондай 64 аппарат жұмыс жасап тұр. Денсаулық сақтау министрлігіне аппарат алуға өтінім берілді, – деді басқарма басшысы.

Науқастарға амбулаторлы жағдайда меди­циналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар қолға алынып отыр. Ол динамикалық қадағалауды қажет ететін науқастарды үй жағдайында бақылауға мүмкіндік туғызады. Қазір облыс бойынша бұл бағытта 125 мобильдік топ ұйымдастырылған. Оның 33-і қалада, 28-і аудан орталық­тарында және 64-і елді мекендерде халыққа қызмет көрсетуде. Мобильді топ құрамында 1 дәрігер, 1 орта буын қызметкері және 1 жүргізуші бар.

Одан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқар­масының қолға алуымен  13 шілдеден бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға үй жағдайындағы стационар қызметі қосылды. Қазіргі таңда бұл қызмет қалалық №№1,6 және «Сенім» емханаларында, Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандары және «Қазалы темір­жол» ЖШС ауруханасында іске қосылған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<