Қант диабеті көбейіп барады

1090

0

Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні жыл сайын канадалық дәрігер және физиолог Фредерик Бантингтің туған күнінде аталып өтеді. Себебі ол 1922 жылы дәрігер Чарльз Бестпен бірге қант диабетімен ауыратын адамдардың өмірін сақтайтын инсулин препаратын жасады.

Елімізде қант диабетін емдеу тегін. Ол әлеуметтік маңызды ауруларға жататындықтан мемлекет есебінен қаржыландырылады. Осы орайда ауруды ерте анықтау, алдын алу мақсатында халықтың нысаналы топтарына скринингтік тексерулер жүргізіледі. Скринингтік тексерулер 6 нозологияны қамтиды. Соның бірі  – қант диабеті. Биылғы 9 айда аталған сырқат бойынша жоспарланған 65720 тұрғынның 60824-і, яғни, 93 пайызы скринингтік тексеруден өткен. 552 науқас анықталып, 474-і «Д» есепке алынған.

Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті деген диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жетіп жығылған. Оның 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызын әйелдер құрайды. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың жыл санап өршіп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Мәселен, 1980 жылы бұл дертпен ауыратындар саны 108 миллион болса, 2014 жылы 4 еседей артып, 422 миллионға жеткен.

Диабет зат алмасу процесінің бұзылуынан болатын эндокриндік аурулар тобына жатады. Бұл дертке шалдыққан адамдардың ағзасында глюкозаның сіңу процесі бұзылады. Инсулин – көмірсуалмасу процесіне тікелей жауап беретін гормон. Онсыз қант организмдегі жасушаларға сіңбей, қан құрамында қалып қояды. Салдарынан  жүйке тіндері мен органдар жұмысы бұзылады. Жалпы, инсулин әбден зерттелген гормон. Соған қарамастан диабеттің пайда болу себебі әлі күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр. Әдетте дәрігерлер мұны тұқымқуалаушылықпен байланыстырады. Сондай-ақ, диабет ұйқы безі аурулары, гепатит немесе өзге де аутоиммундық сырқаттар, дұрыс тамақтанбау мен зиянды әдет салдарынан пайда болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, инсулинге тәуелді тіндердің гормонға сезімталдығы жойылған кезде екінші типтегі диабет басталады. Инсулин дұрыс бөлінгенімен, глюкозаның сіңу қызметі бұзылып, қан құрамында қалып қоятын болады. Аталған дерт тырнағына ілінгендердің 85-90 пайызы диабеттің дәл осы түрімен ауырады. Олардың басым бөлігі – ересектер. Қандағы қант деңгейін реттемесе науқас кетоацидоз, диабетик табаны, жүрек, аяқ  ауруына ұшырап, аяқ-қолынан, жанарынан айырылады.

Диабеттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор, яғни, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақытылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет. Әлемнің кейбір елдерінде диабеттің алдын алу мақсатында бірқатар тағам түрлерін сатуға тыйым салынған немесе зиянды тағамдарға салық көп салынады. Мәселен, Венгрия билігі құрамында байытылмаған майлар, транс-майлар, қант пен тұзы көп тағамдарға салынатын салықты көтерді. Азық-түлікке салық енгізілген төрт жылда қазынаға 200 миллион еуро түскен. Оның 95 мыңы дәрігерлер жалақысына 25 пайыз үстеме ретінде қосылды. Тұрғындардың басым бөлігі салық салынатын өнімдерді азайтып, пайдалы тамаққа бет бұрған. Ал, Франция, Португалия, Мексика, Чили, Вьетнам сынды бірқатар елдерде қант салығы қолданылады. Шри-Ланка «Сен ойлағандай тәтті емес» деген слоганмен әлеуметтік жарнама жасады. Авторлар аяғы кесілген прәндік-адам, көзінің қарашығы жоқ фигуралар арқылы диабеттің ампутация, инсульт, соқырлық сынды салдары жайлы баяндауға тырысқан.

2019 жылы сәуірде Британия билігі де қант салығын салды. Британдықтар түскен қаржыны салауатты өмір салтын қалыптастыру, мектепке дейінгі балаларды дұрыс тамақтандыру бағдарламаларын ынталандыруға жұмсамақ. Салық салынатын тағамдар тізімінде алкогольсіз сусындар, атап айтқанда, құрамындағы қант мөлшері 100 миллилитрге 5 грамнан тура келетін сусындар бар. Өкінішке қарай, заңды айналып өтетін, қант орнына қанталмастырғыш пайдаланатын компаниялар да баршылық.   Қазақстандық мектептерде де газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынғанына көп уақыт болған жоқ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 23 түрлі дәрі мен 7 түрлі медициналық бұйым беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.

Диабетпен өмір сүруге болады. Бірақ ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді. Технология күн сайын жаңарып жатқан бүгінгі заманда диабетке шалдыққандарға да қолайлы жағдай жасалып жатқаны шындық. Мәселен, қандағы қант деңгейі жоғарылай бастағанда смартфонға хабарлама жіберетін мониторинг құралдары бар. Шприцті аз пайдалануға мүмкіндік беретін инъекциялық порттар жасап шығарылды (iPort Advance түтікшесін үш күнге терінің астына қояды, ол қанға инсулин жіберіп тұрады). Ғылым жетістіктерінің бірі – глюкозаға сезімтал келетін «ақылды гель». Жапондық ғалымдар әзірлеген полимерлі гель терінің астына егіледі. Қант деңгейі көтеріле бастағанда ол инсулиннің қажетті мөлшерін қанға жіберіп отырады. Тышқандарға жүргізілген сынақ нәтижесіне сүйенсек, аталған құрал глюкоза деңгейін 15 минутта төмендетуге мүмкіндік берген. Ал, американдық дәрігер Сара Холлбергтің екінші типтегі диабетке қарсы күресте қолданатын арнайы диетасы бар. Ол өз пациенттеріне диабетке сеп болып жататын көмірсулардан (соның ішінде, жарма, картоп, қант) бас тартып, олардың орнына майларды тұтынуды ұсынады. Себебі, бұл макроэлемент қант мен инсулин мөлшерін төмен деңгейде ұстап тұруға көмектеседі. Холлбергтің екінші типтегі диабетиктер арасында жүргізген зерттеулері көмірсуды аз пайдаланғанда ағзаның инсулинге тәуелділігі төмендегенін көрсетіп берді. Алайда, американдық ғалымдар бұл диетаның тиімділігіне күмәнмен қарайды. Айтуларынша, оның пайдасынан гөрі жағымсыз салдары басым.

Байқағандарыңыздай, кейінгі жылдары қант диабетіне шалдығушылар қатары көбейіп барады. Осы орайда аурудың алдын алудың маңызы зор. Ол үшін жоғарыда айтып өткеніміздей, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға мән берген абзал, «ауру – астан» демекші, әсіресе, фаст-фудтарды жиі тұтынбаған жөн.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<