Qaz Covid-in екпесінің «Спутник V» вакцинасынан айырмашылығы қандай?

650

0

Qaz Covid-in мен Спутник V вакциналарының айырмашылығы қандай? Бұл сұрақтың жауабын ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева талдап айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ұлттық ғылыми институт бұған дейін коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрін жасап шығарған еді. Бүгінге дейін олардың арасынан Qaz Covid-in тиімділігін көрсетті. Ол өзінің технологиясы жағынан Спутник V вакцинасынан қатты ерекшеленеді. Спутник V – көпвекторлы вакцина. Оны әзірлеу кезінде аденавирус ретінде коронавирустың тікенегі таңдап алынған. Яғни оның аденавирусты векторында коронавирустың өзі толығымен жоқ. Ол шағын бөліктер негізгі вирусты «тануға» көмектеседі. Қарапайым тілмен айтқанда, сол бөліктер арқылы антиденелер вирусты «таниды». Ал Qaz Covid-in – инактивтелген екпе. Онда вирус толығымен өлі күйінде сақталған. Сондықтан ол өздігімен жұмыс істемесе де, бұл өлі вирустар да антидене түзеді», – деді Нұршай Әзімбаева онлайн конференция барысында.

Міне, сол себепті Qaz Covid-in мен Спутник V вакциналарын жасау технологиясы мүлде бөлек.

«Алайда Білім және ғылым министрлігі векторлы вакциналарды да әзірлеп жатқанын атап өту керек. Бірақ бұл вакцина әзірге жануарларға сыналып жатыр. Адамдар арасында сынау сатыларына таяуда өтетін болуы керек. Ол жайлы Білім және ғылым министрлігі толығырақ түсіндіріп береді», – деді ол.



 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<