Қазақстанда жаңа отандық вакцина салына бастады

511

0

«QazCoVac–P» атты тағы бір қазақстандық вакцинаны сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды. Соның аясында жаңа екпе 200 адамға салынады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биологиялық қауіпсіздік институтының ғалымдары QazCoVac–P вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің екінші сатысын бастағанын мәлімдеді.

Осы жолы коронавирусқа қарсы тағы бір отандық екпе 200 адамға егіледі. Ғалымдар препараттың инфекциядан қаншалықты қорғайтынын, сондай-ақ қауіпсіздік деңгейін бақылап көреді. Осы вакцинаның әсері барынша жеңіл болады деген жоспар бар.

Ғылыми-зерттеу институтында QazCoVac–P вакцинасымен қоса тағы екі векторлық вакцина жасалып жатыр. Ал «дельта» штамның негізіндегі екпе дайын тұр. Ғалымдар бұл препараттарды жануарларға сынап көрген. Қазір вакциналардың сақталу мерзімі тексеріліп жатыр. Сынақ сәтті өтсе, қорытындысы лицензиясы бар әлемдік ғылыми журналдарда жариялануы тиіс.

«Бізде вакцинаны таңдауға болады. Адам ревакцинацияға қай вакцинаны алса да, ол тиімді болады. Өндіруші иммундық жауаптың жақсы титрі болуы үшін екі дозаны салу керек десе, екі дозаны да саласыз», дейді зертхана меңгерушісі Нурика Асанжанова.

Айта кетері, дәл осы институтта  коронавирусқа қарсы QazVaс екпесі жасалған болатын. Осы уақытқа дейін осы вакцинаның 1 миллион 700 мың дозасы пайдаланылса, жыл соңына дейін тағы 1 миллион 300 мың дозаны өндіру жоспарланып отыр.

QazCoVac–P екпесі – инактивті вакциналарға ұқсас препарат. Оның құрамында тірі вирус жоқ. Сол себепті оны қауіпсіз вакцина болып саналады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<