Қоғамға бейімдеу – қажетті шара

546

0

Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен 2016 жылы қылмыстық жазасын өтеген адамдарды бейімдеу мен оңалту орталығы ашылған еді. Халықты әлеуметтік қорғау саласында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұратын және мерзімінен босатылғандарға  әлеуметтік-құқықтық, психологиялық көмектер көрсетіледі.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты негізінде 6 бағыт бойынша қызмет көрсетеді.

Соның ішінде орталықтағы маңызды бағыттардың бірі – психологиялық қызмет. Ол бойынша психодиагностикалық, психологиялық коррекция, психологиялық ағартушылық бағыттарын негізге аламыз.

Былтыр 400 адамға психологиялық кеңес пен қолдау көрсетілді. Ал жыл басынан бүгінгі күнге дейін 260-тан аса адамға жәрдем бердік. Себебі қылмыс жасап, өзін қоғамға қажетсіз сезініп, алдағы өмірінен үміт үзгендер аз емес. Сотталғандардың психикалық жай-күйі, әдетте бірдей болмайды. Бастапқы сұхбат, әңгімеде активті түрде тыңдау мен жалғасын табатын нақты сұрақтар қоюдың маңызы зор. Ол жерде клиент туралы мәлімет жинақтау ғана емес, үміт отын сыйлау мен болашаққа ұмтылдыру да маңызды.

Үміт пен мақсат сыйлау – жеке тұлғаны түзетудегі күшті ынталандыру процесі. Психологиялық әдістерге сүйене отырып, клиенттің теріс эмоциялары мен мінез-құлқының реттелуіне үлес қосып келеміз.

Сонымен қатар, психологиялық көмек алуға келген азаматтың қабілетіне қарап, мамандығына сай әкімдік тарапынан бөлінген квота бойынша жұмыс ұсынып, тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал жасаймыз. Қоғамдағы тәлім-тәрбиенің өзекті мәселесі – адамды еңбек ету қажеттілігіне баулу. Тұрақты жұмыс азаматтың қоғамға бейімделіп кетуіне жәрдемін тигізетіні айқын.

З.БИСЕКОВА,

психолог

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<