Реаниматолог

653

0

Жұқпалы індетпен күресіп келетін дґрігерлерге алғыстан басқа айтар жоқ. Айлап үйлеріне бармады. Өмірлерін қауіпке тігіп, өздеріне артылған сенімді ақтады. Солардың бірі – реаниматолог Ертөре Құлмағанбетов.


Өзге адамның өмірі мен денсаулығына жауапты болу жауапкершілікті талап етеді. Алтын қолды дәрігер аурудың жанына араша болуды басты борышы санайды. Дәрігердің еңбек өтілі 15 жылға жуықтады.


– Жансақтау бөліміне жағдайы ауыр науқастар түседі. Ес-түссіз жатқан адамның артында саулығын тілеп, жақындары жанын шүберекке түйіп тұрады. Сондықтан әрбір жағдайды жүрегіңмен ұғына білуің керек. Әрбір минут қымбат, – дейді ол.


Ауруханадағы салмақтың басым бөлігі жансақтау бөліміне жүктеледі. Өлім мен өмір арасында күресіп жатқан науқасты аман алып қалу ерлікпен пара-пар. Ертөре білікті маман. Оны әріптестері де жоғары бағалайды.


Дәрігер бала күнгі арманын іске асырған. Алға қойған мақсатына жетіп, қаншама науқастың қатарға қосылуына септігін тигізді. Ол Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясында білім алды. Алғашқы еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында бас­тады. 2016 жылы облыстық медицина орталығына ауысты. Қазір орталықта №1 реанимация бөлімінде реаниматолог болып жұмыс істейді. Ертөре жұқпалы індеттің өршуіне орай енгізілген төтенше жағдайға байланысты әлі үйіне қайтқан жоқ. Күніне 12 сағат жұмыста болады. Жұқпалы аурулар ауруханасында бір ай болып, науқастарды емдеген. Кейін орталыққа қайта келіп, фильтр реанимациясында қызметін жалғастырды.


– Жұқпалы індет белең алған кезде бөлімге күніне 20-25 науқас түсті. Бәрінің жағдайы ауыр еді. Тынысы тарылып, қосымша ауруы асқынғандарға барынша емдік шараларын жасадық. Жасы 40-тан асқан кісілерге індет ауыр тиді. Өйткені көпшілігі қант диабеті, қан қысымы жоғары, бүйрек, бауырдың созылмалы аурулары бар науқастар. Қазір, шүкір науқастар жазылып үйіне шығуда. Жағдайлары бірқалыпты, жақсы, – дейді дәрігер.


Расында, індет жұқтырған науқастарды емдеу кезінде дәрігерлерге де оңай соққан жоқ. Арнайы киім, көзілдірік, респиратор, аяқ киім – қорғаныс құралы. Бұл заттарды олар үш сағат сайын ауыстырып отырды. Қорғаныс киімдерін дұрыс кимеген жағдайда, ауру жұқтырып алу қаупі жоғары болды. Дем жетпей қиналған науқастарға барынша қолдау көрсетіп, әрбірін жіті бақылады. Олар тек адам өмірін араша алып қалуды ойлады. Алдыңғы шепте жүріп, індетпен күрескен дәрігерлердің батылдығы мен қайсарлығы үлгі тұтарлық.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мәлімдемесінде індетпен күре­сіп жатқан дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін бүгінгі күннің батырларына теңеді. Расында, жұқпалы індеттің құрығына іліккендерді емдеу, сауықтыру жолында жан аямай тер төгіп жүрген дәрігерлердің ісі ерлікке тең. Білікті маман қазір жағдайды қалыпқа түскенін айтады. Бірақ босаңсуға болмайтынын да ескертті.


– Адамдар өз өміріне жауапкершілікпен қарау керек. Бастысы, карантин талаптарын қатаң сақтаған жөн. Қоғамдық орындар мен адам көп шоғырланатын жерлерге бармағаны дұрыс. Сыртқа шыққанда бетперде тағып, қолғап киіп, жанынан антисептик тастамау керек. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, дене қозғалысын арттырған абзал. Жақыныңа жанашыр болу әрбіріміз үшін маңызды, – дейді дәрігер.


Сара АДАЙБАЕВА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<