Санитарлық талап сақталуы тиіс

912

0

Дәл осы уақыт тұмау маусымы емес, бірақ осы ауру мен пневмония өршіп тұр. Вирустан сақтану үшін көпшілік жерлерге, ұзақ уақыт кезек күтетін орындарға, базарға бармаған дұрыс. Сыртқа шыққан уақытта міндетті түрде маска тағып, мүмкіндік болса қолғап киіп, өзіңізбен бірге антисептик ала жүріңіз. Себебі, антисептикалық заттар, хлор вирусты тез жояды. Ол ауада ұшып жүрмейді, сондықтан үйдің ішін ылғалдап, заттардың бетін жиі сүртіп, бөлмені желдету қажет.


Иммунитетті көтеру үшін дәрумені мол жеміс-жидектерді пайдалануға кеңес беремін. Дәруменді де оңды-солды, ретсіз іше беруге болмайды. Қандай да бір дәрілік препаратты пайдаланар алдында дәрігердің кеңесі керек.

Сондай-ақ, үйде өз бетінше емделу аурудың асқынуына алып келуі мүмкін. Әр адамның денсаулық жағдайы әр түрлі. Сондықтан бір науқасқа дәрігердің тағайындаған емін келесі адам қолдана алмайды. Өзіңізді жайсыз сезініп, тұмау белгісін байқасаңыз, аймақтық медбикеге хабарласыңыз. Қазір инфекциялық, провизорлық ауруханаларда науқастардың көп болуына байланысты коронавирус инфекциясының симптомсыз, жеңіл дәрежелері үйде емделуде. Бұл ретте науқаста қандай симптом болады, соған байланысты ем жүргізіледі. Бірақ үйде емделу дәріханадан өз бетіңше дәрі алып, ем қабылдау деген сөз емес. Қандай жағдайда да аймақтық дәрігер, медбикеден кеңес алған жөн.


Үйде симптоматикалық ем жүргізгенде жылы сұйықтықты жиі ішу қажет. Судың өзін де ретсіз іше беруге болмайды. Таңғы ас алдында, мұнан кейін 2-3 сағаттан соң мөлшерімен, ұрттап ішкен дұрыс. Ал кешкілік судың мөлшерін азайту қажет, өйткені ол бүйректің жұмысына әсер етеді. Қазір науқастарға көкөністен және тауық етінен жасалған сорпаны ішуге кеңес беремін. Бүгінде пияз, сарымсақтың пайдасы туралы да жиі айтылуда. Бұл көкөністер ауруды емдейді деп айта алмаймын, бірақ тұмаудың алдын алуы мүмкін.

Ғалия МИРМАНОВА,

№5 қалалық емхананың
инфекционист дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<